Алматы Халыққа қызмет көрсету орталықтарында жаңа қызметтер іске қосылды

Жарияланды

Алматы ХҚКО-ларында бірқатар пилоттық жобалар іске асырылуда. Бұл туралы ҚазАқпарат хабарлады.

ХҚКО-ға барған алматылықтарға бірқатар жаңа қызмет қолжетімді болады. Атап айтқанда, видеоқоңырау арқылы электронды-цифрлық қолтаңба алу, тұрғылықты жері бойынша тіркелу, туу туралы куәлік алу, жылжымайтын мүлік туралы мәліметтер (жылжымайтын мүлік пен ауыртпалылықтардың болу-болмауы), бала туу бойынша жәрдемақы, жүргізуші куәлігін ауыстыру және тағы басқасы.

Бұдан бөлек, Медеу ХҚКО-да жеке куәліктер мен төлқұжаттарды рәсімдеу үшін терминал іске қосылады.

Енді құжатты алуға өтінішті өз бетінше және жылдам беруге болады. Кезекке уақыт жұмсап, одан әрі көші-қон қызметкерінен тіркеуден өтіп, суретке түсіп, одан әрі төлем үшін кассаға жүгірудің қажеті жоқ. Құжаттау терминалы бәрін бір жерде жасауға мүмкіндік береді. Онымен қоса, азамат құжат үшін сәтті фотосуретті өз бетінше таңдай алады. Процесс 10 минуттан аспайды. Дегенмен, қателіктер мен түсініспеушіліктерді болдырмау үшін өтініш берушіге көші-қон қызметінің қызметкеріне жүгіну қажет болады. Ол өтініштің, фотосуреттің және қолтаңбаның дұрыстығын тексереді,- деді Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы Алматы қаласы филиалы директорының орынбасары Айнаш Әубәкірова.

Сондай-ақ жаңа ХҚКО-да постаматтар орнатылған, олар арқылы дайын құжатты кез келген ыңғайлы уақытта алуға болады. Постаматтар тәулік бойы жұмыс істейді.

Сондай-ақ оқыңыз