2024 жылдан бастап ай сайын 100 адамнан мобильді аударым алған азаматтар бақылауға алынады

Жарияланды
Фото: kursiv.media

2024 жылдан бастап, ай сайын 100 түрлі тұлғадан мобильді аударым алған азаматтар бақылауға алынады. Бұл жайлы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитетінің баспасөз қызметі хабарлады.

Баспасөз қызметінің мәліметінше қазір кейбір кәсіпкерлер банкте ашылған жеке шотына сатылған тауарлар мен қызметтер үшін мобильді ауадырмдар арқылы ақы алады. Алайда, бұл аударымдар бақылау-касса машиналары мен POS-терминалдарды қолданбай, тиісінше чектер берілмей жүргізілгендіктен заңсыз болып саналады. Оған әкімшілік жауапкершілік көзделген. Осы заң бұзушылықтар қайталанса, салық төлеушінің субъектілігіне байланысты салынатын айыппұл 15 АЕК-тен 50 АЕК-ке дейін жауапкершілік қарастырылады.

Кіріс комитетіт Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес салық төлеу әркімнің міндеті екенін ескертеді.

«Салық органдары заңсыз кәсіпкерлік қызметті көлеңкеден шығару мақсатында тиісті бақылау жүргізеді. 2024 жылдан бастап банк ұйымдары жеке кәсіпкерлердің мобильді аударымдары бойынша деректерді беретін болады. Күнтізбелік үш ай қатарынан ай сайын 100 түрлі тұлғадан мобильді аударымдар алған азаматтар бақылауға алынады», деп хабарлайды баспасөз қызметі.

Сонымен қатар, Комитет бақылау касса машиналары чектерін бермеу фактілерін анықтау бойынша «Азаматтық бақылау – Чекті талап ет» акциясы өткізіліп жатқанын хабарлайды. Бұл акция негізінде тұтынушылар анықталған заң бұзушылықтар туралы «Wipon cashback» тегін мобильді қосымшасы арқылы хабарлай алады.

«Жоғарыда аталған өзгерістер адал салық төлеушілерге әсер етпейтініне және тек заңсыз кәсіпкерлік қызметті көлеңкеден шығаруға бағытталғанына назар аударамыз. Яғни, жеке тұлғалар, бұрынғыдай, өздерінің жеке мақсаттары үшін – туыстарына, достарына, ата-аналары мен балаларына және басқа да өмірлік жағдайларға арналған аударымдарды жасай алады және қабылдай алады», делінген хабарламада.

Сондай-ақ оқыңыз