Чехияның қаржы-сараптамалық департаменті ресейлік олигарх Владимир Евтушенковтың мүлкін тәркілеп, жалпы сомасы 100 миллион крон, шамамен 4 миллион доллар болатын шоттарды бұғаттады, деп хабарлайды Ceska Televize.
Басылымның хабарлауынша, Евтушенков электронды компоненттер шығаратын компанияны жасырын басқарып келген. Сонымен қатар олигарх қонақүйлерге иелік етеді, ал оның құрылымдары қарулы күштерге арналған әскери жүйелерді өндірумен және жеткізумен айналысады.
Бизнесменнің Карловы Варыдағы мүлкі 500 миллион кроннан асады, шамамен 20 миллион долларға бағаланады.
Бұған дейін Seznam Zprávy порталы кәсіпкердің Карловы Варыда кемінде алты вилласы бар екенін хабарлаған болатын. Тәркіленген мүліктердің ішінде бес жұлдызды Savoy Westend қонақ үйі де бар. Бұл орын ресейлік саясаткерлер, өнер қайраткерлері мен бизнесмендер үшін танымал демалыс орны болған.
Қонақ үй бүгінде шектеулі негізде ғана жұмыс істейді және маусым айының соңына дейін алдын ала тапсырыс берген қонақтарды ғана қабылдайды. Қонақ үй басшылығының айтуынша, санкциялар қызметкерлердің жалақысына кері әсерін тигізіп, демалыс орнының қызметін айтарлықтай шектеуі мүмкін.
Евтушенков маусым айының соңында Чехияның санкциялық тізіміне енгізілген. Бұл өз кезегінде оның елдегі активтерінің бұғаталуына себеп болды. Владимир Евтушенков пен оның ұлы Феликс «Украинаның аумақтық тұтастығына, егемендігі мен тәуелсіздігіне нұқсан келтіретін немесе қауіп төндіретін жүйелі әрекеттері үшін» санкциялар тізіміне ілінді.
Евтушенков RTI Systems машина жасау концернін басқарады. Бұл концерн РФ Қорғаныс министрлігіне жабдықтар жеткізеді. Ал оның ұлы Феликс компанияның тең құқылы иесі және оның жұмысында негізгі рөл атқарады.