Сауда-саттық қорытындысы бойынша, 28 шілдеде теңгенің нарықтағы бағамы бір аптада 0,2%-ға (444,81 теңгеден) әлсіреп, 1 АҚШ доллары 445,68 теңгені құрады. Бұл туралы ҚР Ұлттық Банк хабарлады.
2023 жылғы 21-28 шілде аралығында сыртқы валюта нарығында бірқатар маңызды оқиға болды. Мысалы, нарықтық болжамдарға сәйкес, АҚШ ФРЖ бейсенбі күні мөлшерлемені 5,25-5,5%-ға дейін 25 базистік тармаққа көтерген еді. ФРЖ төрағасы Джером Пауэлл ендігі уақытта кез келген шешім түсетін деректерге байланысты қабылданатынын айтты. АҚШ Сауда министрлігінің мәліметі бойынша, екінші тоқсанда ЖІӨ өсімі талдаушылардың консенсус болжамынан жоғары болып, ж/ж 2,4%-ды құрады. ЕОБ кезекті отырыста негізгі мөлшерлемені 25 базистік тармаққа көтерді. КХР экономиканы жаңадан қолдау туралы белгі бере отырып, пайыздық мөлшерлемелердің төмендеуі мүмкін екенін жариялады. Бұл өз кезегінде энергия ресурстары бағасының өсуіне әсер етті.
Жоғарыда аталған факторлар АҚШ долларына қатысты дамушы нарықтардағы валюталардың әртүрлі динамикасын көрсетті және ол төмендегідей қалыптасты:
- Оңтүстік Африка ранды шетелдік капиталдың үздіксіз келуі аясында 1,8%-ға (17,96-дан 17,63-ке дейін) нығайды;
- Мексика песосы АҚШ-та экономикалық өсім артқандықтан, 1,8%-ға (16,99-дан 16,69-ға дейін) нығайды;
- Бразилия реалы 1,1%-ға (4,78-ден 4,73-ке дейін) нығайды. Оған ҚХР экономикалық өсуді қолдайтынын жариялағаннан кейін металдар мен шикізат бағасының өсуі түрткі болды;
- түрік лирасы 0,2%-ға (26,98-ден 26,92-ге дейін) нығайды. Оған инфляцияны төмендетуді көздеген Орталық банктің кредиттеу мен сандық тұрғысынан қатаңдатуға қатысты жаңа шараларды жариялауы себеп болды;
- үнді рупиясы қуат көзі бағасының өсуі аясында 0,4%-ға (81,96-дан 82,26-ға дейін) әлсіреді;
- Индонезия рупиясы Орталық банктің мөлшерлемені өзгеріссіз қалдыру туралы шешімі аясында 0,5%-ға (15027-ден 15105-ке дейін) әлсіреді;
- Ресей рублі салық кезеңінің аяқталып қалуы аясында 0,9%-ға (90,92-ден 91,71-ге дейін) әлсіреді.