Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет бұрынғы Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Т. Тоқтабаевқа қатысты тергеуді аяқтады. Ол лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдалану фактісі бойынша күдікке ілінген. Бұл туралы ведомстваның баспасөз қызметі хабарлады.
Ақпаратқа сәйкес, экс-ыице-министр Қостанай облысындағы никель және кобальттың ірі қоры анықталған «Шевченковское» кен орнын барлау сылтауымен аффилиирленген тұлғаларға аукционсыз заңсыз берген деп айыпталуда.
«Нәтижесінде, оның бақылауындағы компания қол қою бонусының ең төменгі құнымен өндіруге дайын кен орнын алған. Өзінің әлемдік қорлары бойынша бірегей никель және кобальт түріндегі қатты пайдалы қазбалар 100 млн. тонна 5,7 трлн теңге сомасына бағаланады. Тергеу барысында қабылданған шаралармен аталған кен орны мемлекет пайдасына қайтарылды» делінген хабарламада.
Бас прокуратурасы айыпталушы Т. Тоқтабаевты сотқа берді. Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды.
Айта кету керек, 2022 жылғы қараша айының 22-сінде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Бас прокуратурамен бірлесіп пайдалы қазбалар кен орындарын берудің заңдылығын тексеру нәтижелері бойынша Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің лауазымды тұлғаларына қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастағанын хабарлаған болатын.
«Тергеу соттың санкциясымен Т. Тоқтабаевтың және оның жақын туыстарының (элиталық жеке үйлер, жер учаскелері, Cadillac Escalade маркалы автокөліктері, Mercedes-Benz Maybach S580 4 Matic, екі BMW X5 Xdrive40I, Bentley Bentayga V8) қымбат жылжымалы және жылжымайтын мүлкі анықталды және қамауға алынды», деген ақпарат таратқан болатын, Агенттік.