Фото: kursiv.media
2023-2024 оқу жылында «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры «Қазақстан халқына» ҚҚ Білім беру гранттары» қайырымдылық бағдарламасы аясында бакалавриат бағдарламалары бойынша талапкерлерге жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі оқу ұйымдарында күндізгі оқуға 850 білім беру грантын бөлді, деп хабарлайды қордың баспасөз қызметі.
Бірінші кезекте бұл гранттарды ауылдық жерлердегі, шағын және моноқалалардағы аз қамтылған отбасылардың балалары, жетім балалар немесе кәмелетке толғанға дейін ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, мүгедектігі бар азаматтар, мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасының балалары алады. Сондай-ақ 2022 жылғы қайғылы қаңтар оқиғалары кезінде қаза тапқан Қазақстан Республикасы азаматтарының балалары және 2022 жылғы қайғылы қаңтар оқиғалары кезінде жараланған балалар да осы грантқа тапыра алады.
Тағы бір айта кетерлік жайт, Қордың Қамқоршылық кеңесінің шешімі негізінде бұл білім гранттары төтенше жағдайлар кезінде зардап шеккен Қазақстан Республикасының қаза тапқан азаматтарының балаларына да беріледі.
«Білім беру грантының иегерлеріне оқу жылына 1 миллион теңгеге дейін оқу ақысы төленеді және бүкіл оқу мерзімі ішінде 40 000 теңге мөлшерінде ай сайынғы шәкіртақы төленеді. Шәкіртақы жазғы демалыс кезеңін қоспағанда, 10 ай ішінде, жыл сайын төленеді», делінген баспасөз хабарламасында.
Бағдарламаға қатысудың шекті жасы толық 29 жасты құрайды.
Білім беру гранттары байқауына қатысу үшін құжаттар жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі оқу ұйымдарының қабылдау комиссияларына тапсырылады. Білім беру гранты тағайындалатын үміткерлердің тізімі ҰБТ-дан өткен және оның нәтижелері бойынша оқуға түсу үшін қажетті өту балын жинаған талапкерлер қатарынан қалыптастырылады.
Грант тағайындалатын талапкерлердің тізімін Қор Басқармасы бекітеді. Бұл ретте Қор үміткердің бағдарлама талаптарына сәйкестігіне ғана қарайды.
«Білім беру гранты бір рет ұсынылатын атаулы грант болып табылады, екінші жоғары білім алуға білім беру грантын алуға жол берілмейді. Білім беру гранты өз қалауы бойынша және үлгерімінің төмен болуына байланысты оқудан шығарылған жағдайларда, сондай-ақ студент оқудың екінші жылына қалдырылған және білім беру гранты иеленушісінің Бағдарлама қатысушы екендігін растайтын күмәнді ақпарат немесе дәйексіз құжаттар ұсынылған жағдайда тоқтатылады», деп ескертеді баспасөз қызметі.
Грант жайлы толық мағлұмат «Қазақстан халқына» ҚҚ білім беру гранттары» бөлімінде берілген.