Қазақстанның «Зенит «Орал зауыты» түркиялық кәсіпорындармен бірлесіп, әскери-теңіз күштеріне арналған кемелер жасайтын болады. Тараптар арасында ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды. Бұл туралы Түркияның Defenceturk.net онлай басылымы жазды.
Келісім нені қамтиды? Түркияның Ұлттық Қорғаныс министрлігінің еншілес компаниясы ASFAT пен YDA Group пен Қазақстанның мемлекеттік компаниясы, «Зенит «Орал зауыты» АҚ арасында Каспий теңізінде су үсті платформаларын салу туралы ұзақ келіссөздер аяқталды. Тараптар IDEF 23 көрмесінің екінші күні осы мәселе бойынша ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды.
«Қазақстан Әскери-теңіз күштерінің қажеттіліктері үшін әртүрлі әскери-теңіз кемелерінен бастап негізгі су үсті жауынгерлік кемелеріне дейін көптеген платформаларды жобалау мен салуды қамтитын келісім көптеген теңіз үсті платформаларын, соның ішінде коммерциялық кемелерді өндіруді реттеуге мүмкіндік береді. Келісім шеңберіндегі жобалар Түркия экономикасына үлкен экспорттық үлес қосадыә, делінген хабарламада.
«Орал «Зенит» зауыты» АҚ – 1941 жылы Ленинград қаласынан көшірілген «Двигатель» зауытының негізінде құрылған. Соғыс кезінде зауыт арнайы әскери-теңіз қаруын шығарып, жауды жеңуге қосқан зор үлесі үшін Қазақстан кәсіпорындарының ішіндегі жалғыз болып Отан соғысының 1 дәрежелі орденімен марапатталған. Қазіргі уақытта «ҰК «Қазақстан инжиниринг» АҚ құрамындағы қорғаныс- өнеркәсіптік кешені кәсіпорындарының бірі. «Орал «Зенит» зауыты» АҚ басты мақсаты мемлекеттік қорғаныс тапсырыстарын орындау және арнайы мақсаттағы бәсекелес өнімдерді шығару.