АҚШ сенаторы Қазақстанға қатысты сауда шектеулерін алып тастауды ұсынды

Жарияланды
Фото: kursiv.media

Коннектикут штатынан АҚШ-тың кіші сенаторы және Сенаттың халықаралық қатынастар комитетінің мүшесі Крис Мерфи АҚШ-тың Қазақстанға қатысты сауда шектеулерін алып тастау қажеттігін айтты.

Атап айтқанда, Сенатор Крис Мерфи Қазақстан, Өзбекстан және Тәжікстанға PNTR – тұрақты қалыпты сауда қатынастары мәртебесін беруді жақтайды. Ол осыған қатысты өз ойын америкалық The Diplomat басылымында жазды. Оның пайымдауынша, Орталық Азия елдеріне Қытай мен Ресейдің ықпалы қатты әсер еткен. Ал АҚШ 1974 жылғы Джексон-Вэник заңына байланысты «тым ұзақ» шетте қалып қойған. Бұл заң бойынша кеңестік еврейлердің эмиграциясын шектеген елдермен толыққанды сауда қатынасына тыйым салынады.

АҚШ-тың Орталық Азия елдері үкіметтерінің «Қытайға тәуелді болуынан қорқа бастағанын» алға тартқан сенатор, Ресейдің қазіргі жағдайын пайдаланып, осы мемлекеттермен сауда жасауға кірісу керек, деп есептейді.

Крис Мерфи КСРО ыдырағаннан кейін де АҚШ президенттерінің Қазақстан, Өзбекстан және Тәжікстан Джексон-Вэник заңының ережелерін орындап жатқанын бірнеше рет растағанын айтады. Бұл елдердің Израильмен дипломатиялық қарым-қатынасы жақсы екенін айтқан ол, коммерциялық емес ақпараттық-насихаттау ұйымы саналатын Еуразиялық еврейлердің ұлттық коалициясы бұл елдерге тұрақты қалыпты сауда қатынастары (PNTR) мәртебесін беру керек деп санайтынын жеткізген.

Сенатор Орталық Азия елдерімен толыққанды сауда-саттық жүргізудің неліктен тиімді екенін атап өткен.

«Біріншіден, аймақ табиғи ресурстарға бай, екіншіден, бұл елдердің жалпы ішкі өнімі 280 миллиард долларды құрайды. Үшіншіден, сауда мен инвестицияның дамуына ықпал ететін АҚШ кәсіпорындары үшін нарығы қолжетімді. Төртіншіден, Орталық Азия елдерінің «Ресей мен Қытайға экономикалық тәуелділігін азайта отырып», экономикасын әртараптандырып, жұмыс орындарын ашып, халқының тұрмысын жақсарта алады», дейді сенатор.

Крис Мерфи Джексон-Вэник заңының ескіргенін айтады.

«Конгресс Қазақстан, Өзбекстан және Тәжікстанға PNTR мәртебесін беретін, бұл елдерді ескірген Джексон-Вэник шектеулерінен босатып, заңнаманы қабылдау арқылы аймақтағы стратегиялық және экономикалық мүдделерімізді ілгерілету үшін осы сәтті пайдалануы керек», – делінген басылым мәтінінде.

Биыл мамыр айында қазақстандық БАҚ Өкілдер палатасының өкілдері Джимми Панетта, Роберт Адерхольт, Дина Титус, Дарин Лахуд және Ами Бера «Қазақстанмен тұрақты қалыпты сауда қатынастары туралы 2023 жылға арналған актіні» ұсынғаны туралы хабарлады. Қазақстанмен тұрақты қалыпты сауда қатынастарының режимі екі ел арасындағы сауда және инвестициялық мүмкіндіктерді кеңейтуге жол ашатыны айтылды.

АҚШ бұған дейін Албания, Армения, Болгария, Қытай, Чехословакия, Эстония, Грузия, Венгрия, Қырғызстан, Латвия, Литва, Моңғолия, Румыния, Украина және Вьетнамға PNTR мәртебесін берген болатын.

Сондай-ақ оқыңыз