Құны 2,5 млн доллар болатын есірткі тасымалдаған Қырғызстан азаматы ұсталды

Жарияланды
наркотики
Фото: polisia.kz

Ішкі істер министрлігінің Есірткі қылмысына қарсы күрес департаменті Павлодар облысының полиция департаментімен бірлесіп, жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында героиннің ірі партиясын «транзиттеу» арнасын анықтап, жолын кесті, деп хабарлайды Polisia.kz.

«Осы жылдың шілде айында арнайы жасақ сарбаздарының күшімен Павлодар-Омбы тас жолында қарбыз тиелген Vоlvо жүк көлігінің жүргізушісі, Қырғызстан Республикасының 54 жастағы азаматы ұсталды. Оның көлігінен салмағы 59 келіден астам, 21 дана «героин» салынған пластикалық брикет, сондай-ақ салмағы 10 келіден асатын екі брикет «гашиш» есірткі заты табылды», деді ІІМ Есірткіге қарсы іс-қимыл департаменті бастығының орынбасары Асқар Мұхаметқалиев.

Табылған есірткі көлемі шамамен 250 мың дозаны құрайды. Оның құны «қара» нарықта 2,5 миллион доллардан асады. Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 286-бабының 4-бөлігі бойынша сотқа дейінгі іс қозғалған. Мұндай қылмысқа барған азамттарға заңмен мүлкін тәркілеу және 20 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

«Қазіргі уақытта осы есірткі қылмысының басқа қатысушылары мен ұйымдастырушыларын, сондай-ақ есірткі жеткізудің басқа да ықтимал арналарын анықтау жұмыстары жүргізілуде», дейді Асқар Мұхаметқалиев.

28 шілде күні ҚМА аумақтық департаментінің қызметкерлері Шымкент қаласында аса ірі көлемде жалған шетел валютасы мен есірткі заттарын сатумен айналысқан бір топ тұлғалардың заңсыз әрекеттерін анықтап, жолын кесті.

Ал 19 шілде күні небары ҰҚК үш күнде 2 есірткі зертханасы мен ірі химиялық қойма анықталып, жойылғанын хабарлады.

Сондай-ақ оқыңыз