Халаттың жеңіне орап әкету: Қызылордада банк қызметкері 600 млн теңге қолма-қол ақша ұрлаған
Қызылорда облысында банк қызметкері 600 млн теңгеден астам ақшаны ұрлаған. Бұл жайлы Қаржы сониторингі агенттігінің баспасөз қызметі хабарлады.
«Банк қоймасындағы қаражатты тексеру барысында 602 900 000 теңге жетіспейтіндігі анықталған. Контроллер-кассир шамамен 1 000 000 теңгеден 4 000 000 теңгеге дейін ақшаны бөлшектеп, кассадан ұрлағаны анықталды», делінген баспасөз хабарламасында.
Банктің 2021-2023 жылдар аралығындағы бейнебақылау камераларының жазбаларын тексері барысында, күдкітінің кассадан ақшаны халаттың жеңіне орап шығару арқылы ұрлау фактілері анықтаған. Күдікті жасаған қылмыстық құқық бұзушылықты толық мойындаған.
«Сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында букмекерлік кеңседен оның атына тіркелген шотына қатысты ақпарат алынді. Ол соңғы 3,5 жылда есепшотқа 158 млн теңге көлемінде ақша түсірген. Сонымен қатар, оның атына және жұбайының атына тіркелген абоненттік нөмірлерден букмекерлік кеңселердің есепшотына ақша аудару бойынша операциялар жүргізілгені туралы ақпарат келіп түсті», деп хабарлайды агенттік.
Күдікті қамауға алынып, уақытша ұстау изоляторына қамалған. Қазір сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.