Украина АҚШ-тан 1,25 миллиард доллар грант алды. Қаржыны жалақы мен әлеуметтік көмек төлеуге бағыттау жоспарлануда, деп хабарлады Украина Үкіметі.
«Америка Құрама Штаттарынан Украинаның мемлекеттік бюджетіне Дүниежүзілік банктің көптеген донорларының сенім қоры арқылы 1,25 миллиард доллар көлемінде грант түсті», – делінген Үкіметтің Telegram-каналында.
Министрліктің мәліметінше, грант «тұрақты мемлекеттік басқаруды қамтамасыз ету үшін мемлекеттік шығыстарды қолдау» жобасы аясында бөлінген. Ол бюджет шығындарын, атап айтқанда әлеуметтік және гуманитарлық шығындарды ішінара өтеуді қарастырады.
«Гранттық қаржыландыру мемлекеттік бюджет шығыстарын өтеуге, атап айтқанда, мемлекеттік органдар қызметкерлерінің еңбегіне және Мемлекеттік әлеуметтік көмектің жекелеген бағдарламалары бойынша төлемдер мен басқа да әлеуметтік төлемдерге жұмсалады», – деп атап өтті Украина Үкіметі.