Мұнайды теңіз арқылы тасымалдаудың жалпы көлемі 12%-ға жетті – ҚМГ

Жарияланды
Фото: kursiv.media

«ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы» АҚ 2023 жылдың бірінші жартыжылдығына арналған өндірістік нәтижелерін жариялады, деп хабарлайды компанияның баспасөз қызметі. 

Нәтижелерге сәйкес 2023 жылдың бірінші жартыжылдығындағы негізгі өндірісте мұнай және газ конденсатын өндіру көлемі 10,1%-ға өсіп 11 860 мың тоннаны құраса, мұнай тасымалдау көлемі 5,8%-ға артып, 39 309 мың тоннаға жеткен. Ал Қазақстан және Румыниядағы мұнай өңдеу зауыттарында көмірсутек шикізатын өңдеу көлемі 4,0%-ға өсіп, 10 109 мың тоннаға жеткен.

Мұнай өндірісі

Атап айтқанда, Теңізде мұнай өндіру былтырғы ұқсас кезеңдегі өндіру көлемімен салыстырғанда 4,0%-ға өсіп, 2 981 мың тоннаны құраған. Ілеспе газ өндіру 1 656 млн м3 көрсетіп, 3,6%-ға артты.

«Қашағанда ҚМГ үлесі былтыр қыркүйекте «Самұрық-Қазына» АҚ-ның «ҚМГ Қашаған Б.В.» ЖШЖК-дегі 50% үлесін кері сатып алу бойынша аяқталған мәміле нәтижесінде 8,44%-дан 16,88%-ға дейін өсуіне, сондай-ақ 2022 жылы маусымда теңіз және жерүсті кешендерде жүргізілген жоспарлы күрделі жөндеу мен былтыр тамыз және қыркүйек айларында іске қосылған жаңарған 2 шикі газ айдау компрессорының пайдалануға берілуіне байланысты өндіру көлемі айтарлықтай өсті», делінген хабарламада.

Қарашығанақта мұнай мен конденсат өндіру көлемі 549 мың тоннамен яғни тәулігіне 24 мың баррель көлемінде өзгеріссіз қалған. Ал газ өндірісі 5,6%-ға артып, 1 109 млн м3 құрады, мұнай мен конденсат өндірісі өзгеріссіз қалып, шикі газ өндірісі ұлғайған.

Мұнай тасымалдау

Мұнайды магистральды және теңіз арқылы тасымалдаудың жалпы көлемі 5,8%-ға артып, 39 309 мың тоннаға дейін көтерілген. Мұнайды магистральды құбырлар арқылы тасымалдау көлемі 4,9%-ға артып, 34 073 мың тоннаға жетті. Негізгі өсім ҚазТрансОйл жүйесі бойынша Самара бағытында және КҚК жүйесінде Қашаған және Теңіз мұнайын тасымалдау, сондай-ақ Ақтау порты бағытында мұнайды тасымалдау көлемінің ұлғаюымен байланысты.

Мұнайды теңіз арқылы тасымалдаудың жалпы көлемі 12,0%-ға, 5 235 мың тоннаға дейін артты, есепті кезеңде өсім негізінен Қара теңіз акваториясы арқылы Мидия портының (Румыния) бағытында КҚК арқылы тасымалданатын мұнай көлемінің қалпына келуіне байланысты болған.

Көмірсутек шикізатын сату

ҚМГ өндірген мұнай мен газ конденсатын сату көлемі 12,5%-ға ұлғайып, 12 164 мың тоннаға жетті, оның 65,3%-ы экспортқа жіберілген.

Ал ішкі нарықтың қажеттіліктерін өтеу үшін Компания өндірген 4 215 мың тонна мұнай мен газ конденсаты ішкі нарыққа жеткізіліп, оның ішінде операциялық активтердің 2 515 мың тонна шикі мұнайы өңдеу және өңделген мұнай өнімдерін әрі қарай сату үшін Атырау мұнай өңдеу зауытына (АМӨЗ), Шымкент мұнай өңдеу зауытына (ПҚОП) және Павлодар мұнай-химия зауытына (ПМХЗ) жеткізілген.

Сондай-ақ оқыңыз