Әлеуметтік орталықта жаппай улану, бір бала қайтыс болды: жағдайды бақылауға алу үшін Ажар Ғиният Қарағандыға барады

Жарияланды
Фото: kursiv.media

Қарағанды облысында балалар жаппай уланып, бір бала қайтыс болды. Алты бала жансақтау бөлімінде жатыр. Бұл туралы еліміздің бас санитар дәрігері Айжан Есмағамбетова айтты.

«12 бала ауруханаға түсті. Әзірге олардың неден уланғаны белгісіз. Өкінішке орай бір бала қайтыс болды. 6 бала жансақтау бөлімінде жатыр. Бес бала орташа жағдайда. Барлығы ер бала. Ауруханаға алғашқы бала 30 шілде кешке түсті», – деді Есмағамбетова.

Айтуынша, оқиға Қарағанды облысының балаларға арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында болған. Балалардың ауыр жағдайда жатқанына байланысты денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният Қарағанды облысына жолға шықты.

«Ажар Ғиният медициналық-әлеуметтік мекемеде балалардың улануына байланысты Қарағандыға кетіп барады. Медициналық көмек көрсету үшін денсаулық сақтау министрлігінің жетекші мамандарының тобы жіберілді», – делінген министрлік таратқан ақпаратта.

Қарағанды облысы әкімдігінің хабарлауынша, оқиғаның себебін анықтау үшін арнайы комиссия құрылды. Қылмыстық іс қозғалды және Қарағанды облысының арнайы прокурорлар басқармасына берілді.

Өз кезегінде Бас прокуратураның баспасөз қызметі 31.07.2023 жылы балалардың тамақтан улану фактісі бойынша «Қарағанды облысының балаларға арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы» КММ ҚР ҚК-нің 304-бабының 2-бөлігі (ауыр зардаптарға әкеп соқтырған санитарлық ережелерді немесе гигиеналық нормативтерді бұзу) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталғанын мәлімдеді.

«Қылмыстық іс Қарағанды облысы прокуратурасының арнайы прокурорларының бақылауына қабылданды. Құқық қорғау және арнайы органдардың тәжірибелі қызметкерлері жұмылдырылып, ведомствоаралық жедел-тергеу тобы құрылды. Тиісті сараптамалар тағайындалды. Тергеу шеңберінде жауапты лауазымды тұлғалардың іс-әрекеттеріне тиісті құқықтық баға берілетін болады», делінген баспасөз хабарламасында.

Елімізде жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға, сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі балаларға арнаулы медициналық-әлеуметтік қызмет көрсететін 84 мекеме бар. Оның 37-сі балаларға арнаулы медициналық-әлеуметтік қызмет көрсету орталығы болса, 47 балалар үйі, сондай-ақ 2959 баланы қамтитын отбасын қолдау орталықтары да жұмыс істейді.

Бас прокуратура уәкілетті мемлекеттік органдар мен аумақтық прокурорларға аталған мекемелерді кешенді тексеруді ұйымдастыруды тапсырды.

Сондай-ақ оқыңыз