Жаңалықтар

Қонаев қаласының Бас жоспары бекітілді

Фото: Қонаев қаласы әкімдігінің фейсбуктегі парақшасынан алынды

Қонаев қаласының Бас жоспары қабылданды, деп хабарлайды Үкімет үйінің баспасөз қызметі.

«Алматы облысының орталығы ретінде жаңа әкімшілік статусқа ие болғаннан кейін, Қонаев қаласын дамытудың жаңа стратегиясы айқындалды. Таяу кезде қаланы дамытудың негізгі бағыттары ҚР Үкіметінің тиісті қаулысымен бекітілген Қонаев қаласының Бас жоспарында көрсетілген», делінген хабрламада.

Бас жоспардың негізгі мақсаты – оның барлық элементін өзара байланыстыра отырып, өнеркәсіптік-коммуналдық және рекреациялық аймақтарды ұтымды бөліп, жайлы және қауіпсіз тіршілік ортасын құру. Жоспарда қаланың перспективалық шекарасына қосылатын елді мекендер мен тұрғын үй кешендері де ескерілген.

Жоспарды іске асырудың есептік кезеңі 2050 жылға дейін жалғасады. Оған сәйкес, бұл мерзім ішінде қала өңірдің заманауи көпфункционалды әкімшілік, қаржы және мәдени, өнеркәсіп-инновациялық, көлік-логистикалық, ғылыми-білім беру орталығына айналады деп күтілуде. Сондай-ақ қала Алматы агломерациясының инновациялық-индустриялық, азық-түлік белдеуі, мұнай өңдеу, газ өңдеу және мұнай химиясы орталығына айналуға тиіс. Одан бөлек жоспарда қаланың Алматы облысының басты туристік бағыттарының бірі, судағы демалыс орны және су спорты, туризм, аң аулау және балық аулау орталығы ретінде әлеуеті де ескерілген.

Алға қойылған міндеттерді іске асыру үшін Жоспарда экономикалық қызмет, тұрғын үй құрылысы, өнеркәсіпті дамыту, қоршаған ортаны қорғау, білім беру, денсаулық сақтау жүйелері, инженерлік, көлік инфрақұрылымы және көше-жол желісі, көгалдандыру, жылу, электр, газ, сумен жабдықтау, су тарту және т.б. іс-шаралар көрсетілген.

«Өңірдің көлік-логистикалық жүйесін жаңғыртуға және одан әрі дамытуға жақсы серпін берілетін болады. Қонаев қаласының авиация, теміржол, жол және су көлігін қолданудағы көлік-логистикалық жүйесінің мультимодальдығы оны Алматы облысындағы орталық көлік-логистикалық хабқа айналдырмақ», делінген хабарламада.

Жасыл электр энергиясын өндіру көздері – Қонаев қаласының индустриялық-инновациялық дамуының маңызды аспектісіне айналады. Соған сәйкес қаланың әлеуметтік саласын дамытуға басымдық беріледі. Қала Алматы облысының және өңірдің туризм, демалыс, спорттық демалыс орталығы статусына сәйкес келетіндей етіп дамиды.

Жоспарды іске асыру кезінде жалпы ауданы 2 538,2 мың м2 жаңа тұрғын үй салынады. Ал өзін-өзі жұмыспен қамтығандар деңгейін 18%-ға артырып, ал жұмыссыздық деңгейін 4,2%-ға азайту соның ішінде жастар арасындағы жұмыссыздықты 3,8%-ға дейін төмендету жоспарланып отыр.

Жоспар аясында мектепке дейінгі және жалпы білім беретін мекемелер санын екі есе көбейту көзделген.

Еске сала кетейік, Қонаев қаласы – 1970 жылы Қапшағай СЭС құрылысы кезінде қалыптасқан Алматы облысының әкімшілік орталығы, Алматы облысының оңтүстік-шығыс бөлігінде орналасқан. Қалада 54 907 адам тұрады. Ауданы — 56,03 шаршы км. 2022 жылғы мамырға дейін қала ҚР Үкіметінің 2010 жылғы 26 ақпандағы қаулысымен бекітілген Қапшағай қаласының Бас жоспарына сәйкес дамыды. 2022 жылғы 3 мамырда қала атауы Қонаев болып өзгертілді. Ал 2022 жылғы 8 маусымнан бастап Алматы облысының жаңа шекарасы белгіленгеннен кейін қала әкімшілік орталыққа айналды.

Бұған дейін «Курсив» Алматы облысының әкімдігі «Ашық НҚА» порталында Қонаев қаласын 2050 жылға дейін дамытудың Бас жоспарын бекітуге арналған жобаның талқылауға шыққанын жазған. Құжатқа сәйкес қалада халықаралық әуежай мен мұнай өңдеу зауыты салынуы тиіс. Сонымен бірге Бас жоспар бойынша қала ауасын таза ұстау мақсатында қоныстану аймағында орналасқан үш құс фабрикаларын – «Алатау Құс» ЖШС, «Агро Фит Қапшағай» ЖШС, «Agro Food» ЖШС және «Қапшағай Бидайөнімдері» ЖШС-і Солтүстік өнеркәсіптік аймаққа көшіріледі деп жоспарланып отыр.