Назарбаевтан бір мұра: Тұңғыш Президент күні мерекелер қатарында қалды
1 желтоқсан Тұңғыш Президент күні ретінде мерекелік күндер тізімінде қалды. Үкімет «Қазақстан Республикасындағы мерекелік күндердің тізбесін бекіту туралы 2017 жылғы 31 қазандағы» қаулыға өзгеріс енгізді.
Қаулының жаңа редакциясында 19 мерекелік күн бар. Олардың қатарында 1-желтоқсан Тұңғыш Президент күні де аталған. Айта кету керек, бұрын бұл мемлекеттік мерекелер тізімінен алынып тасталған болатын.
Тізімде, «нан күні», «энегия үнемдеу күні» бар. Сонымен қатар, мамырдың екінші жексенбісі «аналар күні», маусымның үшінші жексенбісі – «әкелер күні» деп беріліпті.
Мерекелер туралы заңға сәйкес, елімізде Ұлттық мереке – 25 қазанда атап өтілетін Республика күні. Сонымен қатар 9 мемлекеттік мереке бар. Ол күндері елде демалыс жарияланады.
Айта кету керек, 2023 жылдың 15 ақпанында «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Елбасы туралы» заң ресми түрде күшін жойды. Былтыр 5 маусымда Қазақстанда Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізуге қатысты республикалық референдум өткен. Қазақстандықтар дауыс берген маңызды өзгерістердің бірі – Негізгі заңнан Нұрсұлтан Назарбаевты алып тастау болды.Түзетулер сонымен қатар бірінші президент отбасына берілген артықшылықтарды алып тастайды.
Қаңтар айында Тұңғыш Президент Кеңсесі 2023 жылға арналған шығынын 708,9 млн теңгеден 591,2 млн теңгеге дейін қысқартты.
Наурызда Президенттердің отбасы мүшелері Ұлттық пантеонда жерленбейтіні белгілі болды.
Сенат спикері Мәулен Әшімбаев экс-президент Назарбаевтың канцеляриясы қажет пе деген сұраққа жауап беріп, «экс-президенттің канцеляциясын қысқарту – батыс елдерінде бар үрдіс» деп мәлімдеген еді. Жақында Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев Нұрсұлтан Назарбаевтың кеңсесі бір жарым ай ішінде жабылатынын айтты.
Сонымен қатар енді Мемлекеттік күзет қызметі Назарбаевты қорғамайды. Мұндай өзгеріске «Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасы туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының күші жойылуы себеп болған.