Қазақстан мен Ресейдің астық нарығындағы бәсекелестігі: Иран бағытын сақтай аламыз ба?
Қазақстан астық экспорттап отырған Иран нарығынан да айырылып қалуы мүмкін. Бұл туралы «Қазақстанның астық одағы» Сауда комитетінің басшысы Александр Малов айтты.
«Соңғы 5 жылда Қырғызстан нарығын жоғалтып алғанымыз факт. Бүгінде не болып жатыр дегенге келер болсақ, биыл Иран нарығынан сөзсіз айрыламыз. Ресей астығы мен жемдік дақылдар, сонымен қатар арпа төмен бағасымен және көлемімен нарықты басып алды. Қазақстанда арпа негізгі экспорттық дақылдардың бірі. Алайда еліміз Иран бағытында астық пен арпа баға жағынан да, қандай да бір көрсеткіштер бойынша да бәсекеге қабілетті емес»,- деді одақ өкілі дөңгелек үстел барысында.
Жалпы астық нарығында Ресеймен бәсекелесу «өте қиын» дейді сарапшы.
«Астық сапасы әртүрлі сұрыпты болады. Соңғы 3 жыл бойы біз жоғары сапалы өнім алып келдік. Алайда биыл мұндай көрсеткішке қол жеткізе алмаймыз. Демек, егер төртінші, бесінші және үшінші сұрыпты астық бастырсақ, онда Ресеймен бәсекелесуге тура келеді. Ал Ресеймен бұл нарықта бәсекелесу өте қиын. Оларда біршама тиімді өндіріс бар. Соған байланысты бізге қарағанда бағасы да біршама төмен», дейді Малов.
Маман Қазақстанның бүгінгі басты мақсатының бірі – орта Азиялық нарықты сақтап қалу екенін айтты. Әсіресе, Қытай бағыты маңызды. Бірақ, Қытай тек сапалы астықты ғана сатып алатындықтан, бұл ішкі нарықтағы жоғары сапалы бидай бағасына әсер етуі мүмкін екенін айтады одақ өкілі.
Ал ішкі нарықтағы астықтың 1 тоннасы қосылған құн салығын есептегенде 85-95 мың теңге болады деп болжанады.
«Бұл баға ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің бәрін бірдей қанағаттандырмауы мүмкін. Өйткені, өзіндік құны мен өндіріс көлеміне қарау қажет. Бірақ, бұл ұн мен нанның ішкі нарықтағы бағасын қалыптастыру тұрғысында Үкіметіміздің көңілінен шығатын болады. Сондықтан да жоғары баға күту өте қиынға соғады. Оның бағасы тым төмендемеуі де керек. Өйткені, қазіргі бағалардың өзі ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің өзіндік құны шегінде тұр. Сол себепті өндірушілердің төңірегіне барынша шоғырланып, олардың осы маусымда барынша жақсы баға белгілеуіне мүмкіндік беру қажет», – дейді ол.
Астық бағасының биылғы төмендеуіне қарамастан 2022-2023 жылдарғы бидай экспортында Қазақстан рекордтық көрсеткіштерге жеткен. Сарапшының айтуынша, аталған кезеңде Қазақстан темір жолы, Ауыл шаруашылығы министрлігі және нарық қатысушылары тарапынан өте ауқымды жұмыс еңсерілген.
«Осы жылды позитивті нотада аяқтаймыз. 1 қыркүйекке қарай экспорт көлемі 11 млн тоннаға дейін жетеді. Бұл соңғы 10 жылдағы айтарлықтай рекордтық экспорт саналады. Нарықтың өзі де қандай да бір реттеу, шектеу іс-шараларының болмауының арқасында аталған көрсеткішке шығып отыр. Бұған қоса, Ресейден келген импорттың да барынша мол болғанын ескеру керек. Бірақ соған қарамастан өткен жылы рекордтық өнім жиналды», дейді Александр Малов.
Еске сала кетсек, Қазақстандық астыққа деген қызығушылық «Қара теңіз астық бастамасы» тоқтатылғаннан кейін арта түсті. KazGrain басшысының айтуынша, бидайдың экспорттық бағасы Қазақстанның астық экспорттаушылары үшін Өзбекстан бағытында – тоннасына 230 доллардан 235 долларға дейін өскен.