Қазақстандық бизнесті не алаңдатады: компания басшылары пікір білдірді
Елімізде жұмыс істейтіне компания басшылары биылғы жаһандық экономиканың даму тенденциясын әртүрлі бағалайды. PwC CEO Survey жобасына қатысқан CEO-лардың 32 пайызы өсім болады десе, 37 пайызы төмендеуді күтеді. Дегенмен қатысушылардың 62 пайызы жалғасып жатқан геосаяси тәуекелге қарамастан Қазақстан экономикасы тәуір өсім көрсетеді деп есептейді. «Курсив» тілшісі PwC CEO Survey-ге қатысқан бірқатар компания басшыларының пікірін ұсынады.
PwC Қазақстан басқарушы серіктесі Дана Іңкәрбекованың айтуынша, қазақстандық бизнесмендерді алаңдататын үш негізгі фактор бар, олар – геосаяси қақтығыс (66 пайызы осы жайдайға көбірек мән береді), инфляция (40 пайыз) және кибертәуекелдер (35 пайыз).
«Қазіргі орнап отырған белгісіздікке байланысты отандық кәсіпкерлер бизнестің өсіміне емес, оның орнықтылығына ерекше маңыз беріп отыр. Мұны олар шығындарды оптимизациялау арқылы жүзеге асыруда. Дегенмен көбі ел экономикасының өсімін күтеді. Мұндай көңіл-күй Қазақстанның потенциалын, ішкі саяси жағдайдың тұрақтылығын, іскерлік белсенділіктің артуын және қолайлы географиялық орналасуды бағалаудан кейін туындаған. Бірақ бизнес көшбасшылары кез келген жаһандық дағдарыс экономикаға залалын тигізеді деп алаңдайды. Өйткені біздің экономика сыртқы әлемге, әсіресе ірі көршілес мемлекеттерге тәуелді. Мұндай күйзелістен туатын эффектіні бағалау қазір өте қиын», дейді Дана Іңкәрбекова.
Centrasia Group басшысы Алмас Құдайбергенннің айтуынша, Қазақстан бақылай алмай отырған екі негізгі фактор бар.
«Бұл – мұнай бағасы және Ресейге қатысты ахуал. Егер мұнай бағасына байланысты болжам сәл болса да оптимисті болса, Ресейдегі ахуалдың нашарлау тәуекелі сақталуда, өйткені санкциялар өз әсерін бере бастады және біз оған экономикалық тұрғыдан қатты байланып қалғанбыз. Бұл ретте Каспий құбыр консорциумы туралы ұмытуға болмайды. Ол тағы да «жөндеу жұмыстарына жабылуы» мүмкін. Ал Қазақстан экономикасы бұл құбырға тәуелді. Меніңше, 2024 жыл жақсырақ болады, себебі біз мұндай белгісіздік жағдайында қалай өмір сүруді үйреніп келеміз», дейді ол.
Айтуынша, жаңа ірі жобалар да өз нәтижесін бере бастайды, мәселен Теңіздегі өндіріс 40-50 пайызға көбейеді. Қашағандағы өндіріс те келер жылы артады. Дегенмен, мұнайсервис сегментінде нарықтың төмендеуі болжанып отыр.
«Өйткені Теңіздің болашақ кеңею жобасындағы үлкен құрылыс аяқталады және ол жерден 31 мың адам босайды. Қашаған жобасын кеңейту әзірге болжанбайды, сонымен қатар көптеген компанияларды тарта алатын ірі кеңейту жобалары жоқ. Жалпы, алдағы 2 жылда мұнай кәсіпшілігі қызметтері нарығында белгілі бір тыныштық болады. Биыл бізде де жұмыс көлемі қысқармақ, бұл бірінші кезекте Теңіздегі болашақ кеңею жобасының қысқаруымен байланысты. Біздің жоспар – шетелдік нарықтарға, оның ішінде Таяу Шығыс нарығына шығу. Біз ол жақтарда кеңселерімізді ашып жатырмыз», дейді Алмас Құдайберген.
Ordamed басқарушысы Еркін Ділімбетов ел экономикасының өсімі болады, алайда үлкен емес дейді. Ал ABR мейрамханалар желісінің басшысы Асқар Байтасов мынадай пікір білдіреді:
«Жергілікті тұрғыдан өсім болатын шығар, алайда жаһандық өлшем бойынша дағдарыс басталады. Ол бізге ішінара әсер етеді, дегенмен геосаяси ахуалды ескере отырып бүкіл салмақтың біз жаққа ауып кетуі мүмкін екенін де жоққа шығармаймын. Мысалы, Ресейде жаппай мобилизация болған кезде бізге қарай адамдардың ағылғанын білеміз. Ресейлік мамандардың келуі бізге білікті кадрлардың пайда болуы, экономикалық көрсеткіштердің артуы тұрғысынан көмегін тигізді. Біздің индустрияда өсім жалғасып жатыр. 2022 жылы тәуір өсім көрсеттік, 2023 жылы да сондай өсімнен үміттіміз».
«Мэри Кэй Қазақстан» өкілі Константин Кулинич биыл Қазақстанның экономикалық өсімі баяулайды деген пікірде.
«Жағдайда шахматшының көзімен қарайтын болсақ, әлемде жан алып жан беріскен күрес жүріп жатқанын көреміз. Бір ірі ойыншы келесі ірі ойыншыны әлсіреткісі келеді және сол мақсатта әлсіз жерінен соққы береді. Мұнай – Ресей мен Еуропа үшін әлсіз нүкте. Өз кезегінде Қазақстан да мұнай нарығы конъюнктурасына тәуелді. Сол себепті біз бұл күреске қатыспасақ та, сыртқы жағымсыз әсерлер біздің экономикаға толығымен сезіледі. Мұндай сыртқы қысымға төтеп беруге біздің ішкі ресурстарымыз жеткілікті деп айта алмас едім. Менің ойымша, экономиканың азғантай ғана өсім көрсетуі адамдардың өзін жақсы сезінуіне жеткіліксіз. Нақты экономикаға қарағанда, біздің күтулеріміз жылдам өсіп жатыр. Ал өсім баяулаған мезетте бұл бізге құлдырау болып көрінеді (тіпті номиналды өсім болып жатса да). Сонымен қатар, ЖІӨ өсімі баяулаған кезде керісінше инфляция жеделдейді, өз кезегінде бұл құлдырауды одан әрі сезіндіре түседі», дейді басқарушы.
Биыл жаһандық деңгейде әлемдік ЖІӨ өсімінің қарқыны төмендеуі мүмкін. Ал Қазақстан экономикасы қазіргі даму қарқынын сақтап қалмақ. Magnum Cash & Carry басшысы Азамат Османов осындай пікірде.
«Тіпті аздап өсуі де мүмкін. Дегенмен менің көзқарасым бойынша, қазір Ұлттық банк пен Үкімет арасында келісім жоқ. Түйткілдерді шешу құралдары тұрғысынан Қаржы министрлігі, Ұлттық банк және жеке профилді министрліктер үндесе әрекет етпейді. Тіпті инфляциямен күрес сияқты стратегиялық мәні бар мәселелер бойынша да. Бұл үкімет қабылдаған кейбір шаралардың әсеріне дұрыс баға беру қиынға соғады. Нақты қай ведомствоға ерекше назар және басымдық қажет екенін түсіну қиын. Егер біз жоғары деңгейдегі пайымдаулардан бас тартып, қазіргі уақытта ең маңызды міндеттерге баса назар аудара отырып, мәселелерді синхронды шешуге көшетін болсақ, онда инфляция тежеледі, бизнес қарқыны қалыпқа келеді және біз жазда өсе алушы едік. Бизнес және ретейл өкілі ретінде мен отандық өндіріс, логистика және сауда саласы үшін жеңілдетілген ақшаның экономикаға тиімді араласуын көргім келеді», дейді компания басшысы.
Жалпы, бизнес өкілдері бизнеске қауіп төндіруі мүмкін тәуекелдерді былай таразылайды:
Бизнес-қатерге ұшырау деңгейі
Тәуекелдер | Қазақстан | Тәуекелдер | Әлем |
Геосаяси қақтығыс | Алдағы 12 айда – 66 пайыз Алдағы 5 жылда – 56 пайыз | Геосаяси қақтығыс | Алдағы 12 айда – 25 пайыз |
Инфляция | Алдағы 12 айда – 40 пайыз Алдағы 5 жылда – 32 пайыз | Инфляция | Алдағы 12 айда – 40 пайыз |
Кибертәуекел | Алдағы 12 айда – 35 пайыз Алдағы 5 жылда – 43 пайыз | Кибертәуекел | Алдағы 12 айда – 20 пайыз |
Макроэкономикалық құбылмалылық | Алдағы 12 айда – 29 пайыз Алдағы 5 жылда – 28 пайыз | Макроэкономикалық құбылмалылық | Алдағы 12 айда – 31 пайыз |
Денсаулық қаупі | Алдағы 12 айда – 28 пайыз Алдағы 5 жылда – 38 пайыз | Денсаулық қаупі | Алдағы 12 айда – 14 пайыз |
Әлеуметтік теңсіздік | Алдағы 12 айда – 19 пайыз Алдағы 5 жылда – 31 пайыз | Әлеуметтік теңсіздік | Алдағы 12 айда – 6 пайыз |
Климаттың өзгеруі | Алдағы 12 айда – 16 пайыз Алдағы 5 жылда – 28 пайыз | Климаттың өзгеруі | Алдағы 12 айда – 14 пайыз |