«Самұрық-Қазынаның» басшылығы өзгерді

Жарияланды
Фото: kursiv.media

«Самұрық-Қазына» қорының басшылығында өзгеріс болды, деп хабарлайды компанияның Telegram-арнасы. Ол ақпаратқа сәйкес Салтанат Сәтжан Даму және жекешелендіру жөніндегі басқарушы директор болып тағайындалса, бұған дейін осы қызметті атқарған Ернар Жанәділ қордың еншілес ұйымы «Qazaq Green Power» компаниясының бас директоры қызметіне тағайындалған.

Салтанат Сәтжан «Болашақ» бағдарламасы бойынша Австралия ұлттық университетінде білім алған, 10 жыл «Үлкен төрттік» компанияларында қаржы, аудит және экономикалық талдау саласында және 5 жыл бизнес-тренер, оның ішінде Мемлекеттік қызмет агенттігінде жұмыс істеген. 2021 жылдан бастап Сәтжан «Самұрық-Қазына» қорының жиынтық талдау жұмыстары және бақылау департаментінің басшысы қызметін атқарған.

Ернар Жанәділ бұған дейін Сәтжан тағайындалған қызметте отырды. «Самұрық-Қазына» компаниясының жариялаған ақпаратта топ-менеджердің Манчестер университетін және Манчестер бизнес мектебін бітіргені айтылған. Сонымен қатар маманның бірнеше халықаралық кәсіби сертификаттары да бар.

Жанәділ «Самұрық-Қазына» қорының жекешелендіру бағытына жауапты болған. Сол уақыт аралығында қор активтерін иеліктен шығару бойынша бірнеше резонанс тудыратын және күтілетін мәмілелерге қатысты пікір білдірген. Оның айтуынша, 2023 жылдың соңына қарай қор қайталама ұсыныс (SPO) арқылы нарыққа «KEGOC» электр желілері операторының тағы 5 пайыздық үлесін шығарады. Сонымен қатар, «Самұрық-Қазына» «Қазақстан темір жолы» теміржол операторының IPO-сын өткізуді көздеп отыр, бірақ компания бірінші кезекте өзінің қарыздық жүктемесін азайтпақшы. Сондай-ақ қор өткен жылдың желтоқсанында IPO-да орналастырылған 3 пайыздан бөлек, «ҚазМұнайГаздың» тағы 12,4 пайыздық үлесі сатылуға жоспарланған.

Жанәділ басқаратын «Qazaq Green Power» 2022 жылдың қыркүйегінде Астана халықаралық қаржы орталығының (АХҚО) юрисдикциясында құрылған. Компанияның негізгі міндеттері: өндіруші қуаттарды жаңғырту және салу, энергетика саласына жаңа технологияларды енгізу, энергетикалық жүйелердің тиімділігін арттыру, инвестициялық жобаларды жүзеге асыру. Qazaq Green Power портфолиосында тек жаңартылатын энергия көздері саласындағы активтер бар. Компания алдағы уақытта халыққа шығуды жоспарлап отыр.

Сондай-ақ оқыңыз