Солтүстік Қазақстан облысында кәріз тазаламақ болған бордақылдау кешенінің төрт жұмысшысы қайтыс болды. Бұл туралы «Курсив» тілшісіне облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Төтенше жағдай Тайынша ауданында орналасқан «EMS AGRO» компаниясы аумағында болған.
Облыс әкімдігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, компанияның төрт қызметкері Новоивановка ауылындағы шошқа бордақылау алаңынан жұмыс ауысымы аяқталғаннан кейін шықпаған.
«Тереңдігі 8 метр кәріз тазалау кезінде төртеуі де қаза тапқаны анықталды», – делінген ақпаратта.
Оқиға болған жерде Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Айдарбек Сапаровпен бірге полиция департаменті, мемлекеттік еңбек инспекциясының қызметкерлері барған.
Облыс әкімінің тапсырмасы бойынша арнайы комиссия құрылды. Оқиғаның себебі анықталып жатыр.
Айта кетейік, Солтүстік Қазақстан облысы полициясы қайтыс болғандар туралы ақпарат таратты. Олардың мәйіті кәріз құдығының түбінен табылған. Қайтыс болғандардың 1966, 1991, 1995 және 2000 жылдары туған жұмысшылар екені белгілі. Олар кәріз құдығын тазалау кезінде иістен уланған. Олардың денелері сот-медициналық сараптамаға жіберілді. Бұл факті қылмыстық кодекстің 156-бабының 4-бөлігі «еңбектi қорғау қағидаларын бұзу» бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне тіркелді. Сараптамалар тағайындалды.
«EMC AGRO» ЖШС 2003 жылы тіркелген. Қазір Солтүстік Қазақстан және Ақмола облысында жұмыс істейді. Ет өнімдерін қайта өңдеумен айналысатын компанияның басшысы ретінде Қанат Атейбеков көрсетілген. Электронды үкімет порталының мәліметінше компанияның құрылтайшылары: «KazFoodProducts» ЖШС, «Baiterek Venture Fund» АҚ және «АзияАгроФуд» АҚ.
«KazFoodProducts» ЖШС негізгі иесі – Forbes жасаған Қазақстанның 50 дәулетті адамының тізіміндегі Ерлан Баймұратов. Оның сонымен қатар «АзияАгроФуд» АҚ компаниясында да үлесі бар.
Ал, «Baiterek Venture Fund» АҚ компаниясы «Қазына Капитал Менеджмент» АҚ арқылы «Бәйтерек» басқарушы холдингіне кіретін квазимемлекеттік компания.