Инвестициялық пирамида құрып, 215 млн теңге жинаған азамат шартты жазаға кесілді
Астана қаласында қаржылық (инвестициялық) пирамиданы құру және басқару фактісі бойынша «Sincere Systems» ЖШС басшылығына қатысты сот үкімі шығарылды, деп хабарлайды Қаржы мониторингі агенттігінің баспасөз қызметі.
«Аталған ЖШС 2020 жылдан бері жұмыс істеп келеді және криптовалюта биржаларымен ынтымақтасатын компанияның атын жамылып, азаматтардан қаражат жинап келді. Салымшылардың санын көбейту үшін ойдан шығарылған жобаларға инвестиция салу мүмкіндігі қарастырылды. Клиентті инвестицияның қауіпсіз екендігіне сендіру үшін ID беру арқылы клиенттің жеке кабинеті тіркелген, салымға тең виртуалды қаражатпен толықтыру мүмкіндігі бар веб-сайт құрылды», делінген баспасөз хабарламасында.
Азаматтардан жиналған қаражат көлемі 215 млн теңгені құраған. Сот үкімімен «Sincere Systems» ЖШС басшысы 5 жылға инвестициялық қызметпен айналысуға тыйым салынып, 6 жылға шартты түрде бас бостандығынан айырылды.
Осыған дейін агенттіктің баспасөз қызметі «Sincere Systems» қаржы пирамидасына қатысты тергеу басталғанын хабарлаған болатын. Азаматтарды кіріс алу үшін компанияға тіркелуге шақырған екі азаматқа қатысты «Sincere Systems» (S-Group) қаржылық инвестициялық пирамидасын құру және басқару ісіне қатысты тергеуді ҚМА Ақтөбе облысы бойынша департаменті жүргізген.