Енді мүмкіндігі шектеулі жандарға берілетін ортопедиялық бұйымдардың орнына оның ақшасы беріледі 

Жарияланды

Мүгедектігі бар адамдарға қатысты туындаған проблемалық мәселелерді шешу жөніндегі Жол картасы аясында бірқатар оң өзгерістер енгізілуде деп, хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.

«Осыған дейін, мүгедектігі бар жандардың және ерекше қажеттілікті қажет ететін бала асырап отырған аналардың мәселелері айтыла келе, оларды жүйлеп шешімін табу үшін арнайы Жол картасын әзірледік. Онда 16 мәселе қаралған. Жыл басынан бері, оның жетеуі оң шешімін тапты. Енді, қалғаны біртіндеп шешіліп келеді. Мәселен, міндетті гигиеналық құралдардың бір жылға берілетін саны 730-дан 1460 данаға көбейтілді. Сонымен қатар, мүгедектігі бар бала асырап отырған аналар қоғамдық көліктерде тегін қатынайтын болды. Сондай-ақ, мүмкіндігі шектеулі жандарға жылына бір рет берілетін әлеуметтік көмектің мөлшері артты. Ал, осыған дейін тегін берілетін ортопедиялық бұйымдар барлығына бірдей ыңғайлы келе бермейтін. Сол себепті, мүгедектігі бар жандар бұл бұйымдарды монетизациялауды сұраған болатын. Сұраныстары орындалды», – деді облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Азамат Мәмбетов

Басқарма басшысының айтуынша Жол картасында арбаға таңылған балаларға арналған ойын алаңдарын салу жұмыстары жоспарға алынған. Сондай-ақ, бүгінде мүгедектігі бар жандар үшін жаз айларында өзге қалаларға қатынау мәселесі өзекті. Өйткені, оларға куроттық-шипажайларға  жолдама берілгеннен кейін, уақытылы теміржол билеттерін табу қиындық тудырады. Бұл мәселені оңтайлы шешу үшін  Жол картасы аясында  ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне  теміржол билеттерін броньдау немесе қосымша вагондар енгізу туралы ұсыныс жолданған

Сонымен қатар, келер жылы инватакси қызметін ұлғайту бойынша арнайы ұсыныстар енгізілуде.

Сондай-ақ оқыңыз