Жаңалықтар

Үкімет кен орындарын пайдаланушылармен 118, көмірсутек бойынша 27 келісім шартты бұзды

Фото: shutterstock

Үкімет шарт талаптарын бұзған жер қойнауын пайдаланушылармен жасалған келісімшарттар мен лицензияларды қайта қарау бойынша жұмыс жүргізіп жатыр. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады.

Ақпаратқа сәйкес, Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Роман Скляр қатты пайдалы қазбалар мен көмірсутек шикізаты кен орындарын мемлекет меншігіне қайтару мәселесі бойынша кеңес өткізді.

«Жүргізілген талдау нәтижелеріне сәйкес уәкілетті органдар 118 келісімшартты (2023 жылдың басынан бері – 19 келісімшарт) және қатты пайдалы қазбалар (ПҚҚ) бойынша 245 лицензияны (2023 жылдың басынан бері – 42 лицензия), сондай-ақ көмірсутек шикізаты бойынша 27 келісімшартты (2023 жылдың басынан бері – 15 лицензия) бұзды», делінген хабарламада.

Қаржылық міндеттемелерді бұзған жер қойнауын пайдаланушыларға айыппұл санкцияларын қолдану бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Осылайша, мемлекет есебіне қатты пайдалы қазбалар бойынша 934 млн теңге, биылғы жылы 603 млн теңге айыппұл өндірілді. Сондай-ақ көмірсутек шикізаты саласындағы 9 келісімшарт бойынша 1,94 млрд теңге берешек өтелді.

Ал, мемлекеттік қорға қайтарылған алтын, көмір, темір, мыс, көмірсутектер, бокситтер, полиметалдар және т. б. кен орындары жаңа инвесторларға беру үшін ашық аукционға шығарылады. Бұл жер қойнауын пайдалану саласында қосымша инвестициялар ағынын қамтамасыз етеді.

Айта кету керек, 2023 жылы өткізілген аукциондардың қорытындысы бойынша ел бюджетіне 1,5 млрд теңге көлемінде қол қою бонусы төленді. Бұл ретте көмірсутегі шикізатын барлау бойынша жаңа инвестициялар 15,7 млрд теңгеден асады.