Жаңалықтар

Юань, дирхам, тенге: Ресей банктері өз тұтынушыларына «дос» елдердің валютасында депозит ашуды жиі ұсына бастаған

Бір жыл ішінде бөлшек клиенттерге «дос» елдердің валюталарында жинақ өнімдерін ұсынатын ресейлік банктердің саны екі еседен асқан. Ал ассортимент тек Қытай юанімен ғана шектелмейді. Сонымен бірге БАӘ дирхамындағы депозиттер мен қазақстандық теңге пайда болды. Бұл «достық қатынастағы» елдердің валюталарының доллар мен еуродан айырмашылығы, рубльдің әлсіреуінен сақтандырылуда қорғаныс қасиеттері соншалықты күшті емес. Ал екінші жартыжылдықта ставкалардың өсу перспективалары бұлыңғыр болып тұр.

Жағдай қалай өзгерді?

2022 жылдың басында банктердің барлығы дерлік доллар мен еуродағы жинақ өнімдерін ұсынды, ал юаньдағы депозиттер «экзотикалық» санатта еді. Ал 2023 жылы бұл нарықтағы айырмашылық күрт өзгеріп, 57 банк клиенттерге юаньмен 109 депозит пен жинақ шотын ұсынатын болды. Мәскеу биржасының «Финуслуги» жобасының есептеуінше, қазіргі уақытта доллардағы депозиттер тек 19 банкте, ал еуродағы депозиттер 15 банкте қалған.

Ал осы жылы нарықта БАӘ дирхамындағы депозиттер пайда болды. Ондай депозиттерді Сбербанкте, Кредит Еуропа банкінде және Металлинвестбанкте ашуға болады. Ал УБРиР өз клиенттеріне қазақстандық теңгеде депозит ашуға шақыра бастады.

Тамыздың басында юаньдағы депозиттер бойынша орташа мөлшерлеме үш ай мен бір жылға дейінгі мерзімге, 2%-дан 2,4%-ға дейінгі мөлшерлемемен ұсынылды. Нарықтағы мұндай депозиттер бойынша максималды мөлшерлемелер жылына 3,5-3,85%-ға жетеді, деп мәлімдеді «Финуслугидің» басқарушы директоры Игорь Алутин. Ал юаньға деген қызығушылық артып, соңғы жарты жылда қытай валютасындағы депозиттердің табыстылығы екі есеге артқан.

«Финуслуги» мәліметтері бойынша, дирхамдағы жаңа депозиттердің орташа кірістілігі юаньға қарағанда біршама төмен. Дирхам бойынша депозиттер үшін үш айға 1,95%-дан басталып, бір жылға 2,7% дейінгі көлемде бекітілген. Ал т»жұмсақ» валюталардың ішінде ең табысы төмені теңгедегі депозиттер. Олардан юір жылда түсетін пайда небары 0,1%-ды құрайды. «Финуслуги» өкілінің айтуынша дирхам мен теңгедегі жинақ өнімдері нарықтың жаңа өнімі болғандықтан, банктер олардың кірістілігін әлі қарастырып жатқан жоқ.

Бұл валютадағы депозиттердің мөлшерлемесі қаншалықты көтеріледі?

Forbes жүргізген сауалнамада банкирлер юаньдағы депозиттер бойынша ставкалардың болашақ динамикасына қатысты әртүрлі пікір айтылды. «Откритие» банкінің Жинақ және инвестиция бөлімінің жетекшісі Александр Бородкин тарифтердің «қазіргі деңгейде» қалатынын айтады. Өйткені оларды өзгерту үшін айқын алғышарттар жоқ.

Ал УБРиР-дің бизнесті дамыту орталығының басқарушы директоры Евгений Вяткин:

«Жылдың соңына дейін біз юаньдағы депозиттер бойынша мөлшерлеменің қалыпты өсуін күтеміз», – дейді.

ВТБ да тарифтердің жоғарылауын күтеді. Ал Сбербанк дәстүр бойынша өзгерістер күшіне енгенше пайыздық мөлшерлеме саясатына түсініктеме бермейді.

Басқа «жұмсақ» валютадағы депозиттердің мөлшерлемесінің көтерілу перспективасы жоқ, деп мәлімдейді қаржыгерлер. Вяткин УБРиР-дің әзірге теңгелік депозиттің кірістілігін арттыруды жоспарлап отырмағанын айтты. Ал Сбербак өкілі дирхам депозиті «өте тартымды шарттармен» ұсынылып жатқанын айтады.

Бұл валюталардағы депозиттердің кірістілігіне не әсер етуі мүмкін?

Енгізілген валютадағы депозиттер бойынша ставкаларды қоймас бұрын банктер валюта шыққан елдің ұлттық банкінің бағамын негізге алады. Сонымен қатар, банктер үшін несиелік тәуекелдер мен операциялық шығындарды жабу үшін шетелде немесе ел ішінде банкаралық несие, корпоративтік немесе бөлшек несие түрінде осы валютадағы қаражатты шоттарға және активтерге орналастыру мүмкіндігі де маңызды, деп түсіндіреді ПСБ-ның бас сарапшысы Дмитрий Монастыршин.

Жаңа қаржылық шындыққа сәйкес ресейлік банктер дамыған елдердің қаржылық инфрақұрылымынан ажырап қалды. Ал жергілікті ойыншылардың нарығына шығуына қайталама санкциялар кедергі. Бұл шетелде юаньмен, дирхаммен және теңгемен ақша табу жолын қиындатады сол себепті «достық» валютадағы ішкі сұраныстарға ұһүміт артуға тура келеді.

«Ресейдегі юань нарығын локализацияланған деп атауға болады, сондықтан пайыздық мөлшерлемелер елдің қаржы жүйесіне юаньның түсуі мен олардың кетуі балансына көбірек тәуелді», – дейді Совкомбанктің бас сарапшысы Наталья Ващелюк.

ВТБ мен УБРиР өкілдері шағын және орта бизнес өкілдерінің мұндай несиелерге сұранысы жоғары, бұл юаньдағы депозиттер бойынша мөлшерлемеге әсер етеді деп санайды.

Дирхамға сұраныс арта ма?

Дирхамдар Ресейдің сыртқы сауда есеп айырысуларында әлдеқайда аз қолданылатынын айтқан Ващелюк:

«Олардың рөлі болашақта арта түсуі әбден мүмкін. Атап айтқанда, Ресеймен сыртқы саудада айтарлықтай теңгерімсіздікке ұшыраған Үндістан ресейлік мұнай үшін дирхаммен төлем үлесін арттыруы мүмкін. Сонымен қатар, ресейлік бизнес БАӘ-нің қаржы жүйесіне жартылай қайта бағдарланды және дирхамдар түсуі мүмкін болса, компаниялар тарапынан да, тұрғындар тарапынан да сұраныс болады», дейді.

Ващелюктің айтуынша, ең көмескі перспективалар теңгедегі депозиттерге қатысты. Оның болжамдары бойынша, жақын болашақта мұндай өнімдерді жеткізу арта қоймайды, ал тарифтер нөлге жақын болады.

2023 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша ресейлік банктердегі жеке тұлғалардың шоттарындағы қаражат көлемі 39,3 трлн рубльді құрады. Шетел валютасындағы қаражат 3,9 триллион рубльге баламалы соманы құрайды, оның 13 пайызы «достық» мемлекеттердің валюталарында, 87 пайызы «дос емес» елдердің валюталарында. Жыл соңына дейін ресейліктердің депозиттеріндегі юаньның үлесі өсуі мүмкін. Мысалы, ВТБ болжамы бойынша ол барлық валюталық жинақтардың 26% дейін өсуі мүмкін. Бұған дейін банк ресейліктердің 2026 жылға қарай ресейлік банктердегі доллар мен еуро жинақтарынан құтылады деп болжаған.

Forbes сауалнамасына қатысқан сарапшылар теңге геосаясатқа және Қазақстан экспорттайтын шикізат бағасына тәуелді екен айтады. «Финам» сарапшысы Андрей Маслов пен Freedom Finance Global-дың жетекші сарапшысы Наталья Милчакованың пікірінше, бұл жиынтықтан рубльдің әлсіреуін хеджирлеуге тек дирхам қолайлы. Өйткені оның бағамы долларға қатаң бекітілген. Алайда, Масловтың болжамдары бойынша, егер ағымдағы жағдай сақталса, юань мен теңге бағамдық тосынсыйлар әкелмейді және әдеттегі диапазондарда саудаланады. Юань 7–7,2 юань/$ шегінде, ал теңге 435–460 теңге/$ дәлізінде болады.

«Жұмсақ валюталық құралдарды валюталық тәуекелді хеджирлеу ретінде қарастырудың жалғыз себебі, егер сіз тиісті елге көшуді немесе уақыт өте келе осы валюталарда жұмсауды жоспарласаңыз ғана дұрыс. Басқа жағдайларда болмай қоймайтын тәуекелдер – төмен өтімділік, кең сатып алу-сату спрэдтері және жоғары құбылмалылық – ықтимал плюстерден асып түседі», дейді «Ингосстрах-Инвестицияларды басқару» компаниясының несиелік талдау бөлімінің басшысы Евгений Воробьев.