Жамбыл облысының Меркі ауданында 200 га жер өртеніп жатыр
Жамбыл облысының Меркі ауданында 200 га жерде қураған шөп өртеніп жатыр, деп хабарлайды Жамбыл облысы ТЖД баспасөз қызметі.
«2023 жылғы 2 тамызда сағат 14.30-да Меркі ауданының Ақтоған ауылынан 20 км жерде «Меркі орман және жануарлар дүниесін қорғау мекемесі» КММ (Аспара-Меркі орман шаруашылығы, 3-4 орамдары) аумағында таулы аумақта алдын ала болжаммен 200 га алаңда қураған шөп жанды», делінген баспасөз хабарламасында.
Баспасөз қызметінің мәліметінше Қазавиаорманкүзетінің ,5 тонна су жинау құрылғысы бар Ан-2 ұшағымен аэровизуалды барлау және сөндіру жұмыстары жүргізілген. Өрт ошақтарына әуеден 11 рет, 16,5 тонна су төгілген. Қазіргі таңда ҚР ТЖМ «Қазавиақұтқару» АҚ ЕО-145 тікұшағымен аэровизуалды барлау жүргізіліп жатыр.
«Өртті сөндіруге Қазорманавиакүзетінің, жергілікті атқарушы органдардың және Жамбыл облысы ТЖД күштері мен құралдарынан 161 адам, 24 бірлік техника, 2 ұшақ және 1 тікұшағы жұмылдырылды. Жамбыл облысы ТЖД азаматтарды өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтауға шақырады», деп хабарлайды баспасөз қызметі.