Тауар не қызмет ақысын мобильді аударым арқылы алып, чек бермейтін кәсіпкерлерге айыппұл қарастырылған

Жарияланды
Фото: kursiv.media

Банктегі жеке есепшотына мобильді ақша аударымдарын алу арқылы тауар не қызмет ақысы үшін есеп айырысатын кәсіпкерлерге 15-50 АЕК көлемінде айыппұл салынады. Бұл жайлы Қаржы министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Баспасөз қызметінің хабарлауынша қазір кейбір кәсіпкерлер банктерде ашылған жеке шоттарына сатылған тауарлар, қызметтер үшін мобильді аударымдар арқылы ақы алады. Алайда, бұл аударымдар бақылау-касса машиналары (БКМ) мен POS-терминалдарды қолданбай, тиісінше чектер берілмей жүргізілетіндіктен, бұл заң бұзушылықтарға әкімшілік жауапкершілік көзделген. Ал заң бұзу қайталанса, салық төлеушінің субъектілігіне байланысты салынатын айыппұл 15-тен 50 АЕк көлемінде салынады.

«Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес салық төлеу әркімнің міндеті екенін еске саламыз. Салық органдары заңсыз кәсіпкерлік қызметті көлеңкеден шығару мақсатында тиісті бақылау жүргізеді. 2024 жылдан бастап банк ұйымдары жеке кәсіпкерлердің мобильді аударымдары бойынша деректерді беретін болады. Күнтізбелік үш ай қатарынан ай сайын 100 түрлі тұлғадан мобильді аударымдар алған азаматтар бақылауға алынады», деп хабарлайды министрліктің баспасөз қызметі.

Баспасөз қызметі БКМ чектерін бермеу фактілерін анықтау бойынша «Азаматтық бақылау – Чекті талап ет» акциясы өткізіліп жатқанын хабарлайды. Анықталған бұзушылықтар туралы «Wipon cashback» тегін мобильді қосымшасы арқылы хабарлауға болады.

«Жоғарыда аталған өзгерістер адал салық төлеушілерге әсер етпейтініне және тек заңсыз кәсіпкерлік қызметті көлеңкеден шығаруға бағытталғанына назар аударамыз. Яғни, жеке тұлғалар, бұрынғыдай, өздерінің жеке мақсаттары үшін – туыстарына, достарына, ата-аналары мен балаларына және басқа да өмірлік жағдайларға арналған аударымдарды жасай алады және қабылдай алады», деп ескертеді министрлік.

Сондай-ақ оқыңыз