Алматыда 20 млрд теңгеге 16 мың нысан сейсмикалық нығайтылады

Жарияланды
Фото: kursiv.media

Биыл Алматыда әлеуметтік нысандарды сейсмикалық күшейту жұмыстарын жүргізу нәтижесінде 20 млрд теңгеге 16 мың нысан нығайтылады.

Мемлекет басшысы биыл ақпан айында Алматыда сейсмоаудит жүргізу жоспарын мақұлдаған. Соған сәйкес Алматыда 2000 жылдан кейін салынған қала нысандарына жаңа сейсмикалық аудит жүргізіледі. Жаңа сейсмоаудит мегаполис объектілерінің паспорттарын оның соңғы 5 жылдағы дамуын ескере отырып, жаңартуға мүмкіндік бермек.

Сарапшылардың айтуынша, энергетикалық класы жоғары жер сілкінісі болса, тектоникалық сызаттар шөгіп, қала жердің астына кетіп қалуы мүмкін. Мегаполисте 1116 ғимарат тектоникалық жарықта орналасқан. Оның 754-і сейсмикалық төзімді, 362- сі сейсмикалық төзімді емес.

Ал Алматыда жер асты дүмпулері жиі болып тұрады. Сейсмологтардың айтуынша, қалада жылына 300-ге жуық жерасты дүмпулері болады. Жыл басынан бері аймақта 44 жер сілкінісі тіркелген. Оның үшеуі қала тұрғындарына сезілген.

Алматы әкімі Ерболат Досаев 9 ақпанда Бостандық ауданының тұрғындарымен кездесуінде 2023 жылдың екінші жартыжылдығында қалада жаңа сейсмикалық аудит жүргізілетінін мәлімдеді.

«Қаладағы нысандарға сейсмикалық аудитті «Қазақ құрылыс және сәулет ғылыми-зерттеу және жобалау институты» АҚ және Төтенше жағдайлар министрлігінің Сейсмология институты бірлесіп өткізеді. Жұмысты 2022 жылдың шілдесінде бастап, 2024 жылы аяқтаймыз. 2023 жылы 20 млрд теңгеге 16 әлеуметтік нысан сейсмикалық күшейтуден өтеді және 34 объектіні сейсмикалық күшейтуге жобалау-сметалық құжаттама әзірленеді. Оның құны 1,2 млрд теңге», – деді Ерболат Досаев.

Қала басшысының пікірінше, жаңа сейсмоаудит Алматы қаласы объектілерінің паспорттарын оның соңғы 5 жылдағы дамуын ескере отырып, жаңартуға мүмкіндік береді.

2017-2018 жылдар кезеңінде «ҚазҚСҒЗИ» АҚ сейсмикалық төзімділік тұрғысынан қаланың 10 158 объектісіне паспорттау жүргізілді. Нәтижесінде 3 087 нысан сейсмикалық тұрғыда төзімді емес деп танылған.

Сондай-ақ Алматыда әр үйдің кіреберісіне жер сілкінісі кезінде эвакуацияланатын орынның картасы ілінеді. Бұл жайлы әкім Бостандық ауданы тұрғындарымен кездесу барысында айтты.

«Төтенше жағдайға қатысты. Бізде әр подъездің қасында баруға болатын жердің нақты схемасы орнатылады. Қалада 25 мың кіреберіс бар. Төтенше жағдайлар департаменті ұсыныстарын көрсетті, ақша бөлеміз. Күзге қарай әр адам қайда бару керектігін білетін болады. Жер сілікінісі кезінде жиналатын орындарды аралап көрдім. Оның кейбіреулері сапасыз жағдайда, оларды ретке келтіру қажет. Тапсырма бердім. Күзде қалада үлкен оқу-жаттығу өтеді, сол уақытқа дейін қала дайын болады деп сенемін. Аталған орындарды көрсетеміз, адамдарды дайындаймыз», – деді әкім.

Сондай-ақ оқыңыз