«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» филиалының тағы бір басшысы ұсталды
Ақмола облысының «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес ұйымының жергілікті бөлімшесінің бастығы ұсталды. Ол жер учаскелеріне қатысты мәліметтерді өз бетінше өзгертіп, заңсыздыққа барған. Бұл жайлы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің баспасөз қызметі хабарлады.
«2023 жылғы 27 шілдеде Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Ақмола облысы бойынша департаменті прокуратураның үйлестіруімен Ұлттық ұланды жұмылдыра отырып жүргізген жедел-тергеулік іс-шаралар нәтижесінде «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес ұйымының жергілікті бөлімшесі бастықтарының бірін ұстады. Ол Қазақстанның аса маңызды ақпараттық инфрақұрылымына жататын деректер базасындағы жер учаскелеріне қатысты мәліметтерді өзімшілдік ниетпен заңсыз өзгертті деген күдікке ілінді», делінген баспасөз хабарламасында.
Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 206-бабының 3-бөлігімен (ақпаратты құқыққа сыйымсыз жою немесе түрлендіру) қарастырылған қылмыстық заң бұзушылық белгілері бойынша тергеп-тексеру жүргізілуде.
Көкшетау қаласының соты күдіктіге қатысты қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялады.
Еске сала кетсек, 28 шілде күні ҰҚК Абай облысы бойынша департаменті Экономикалық тергеп-тексеру департаментімен бірлесіп аумақтық прокуратураның үйлестіруімен «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік Корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғам филиалының директорын ұстағаны туралы хабарлады.
Ол Қылмыстық кодекстің 366-бабының 2-тармағымен (айтарлықтай мөлшерде пара алу) қарастырылған жемқорлық қылмыс жасады деген күдікке ілінді.