Freedom холдингі Маңғыстау облысында құны 2 млрд теңгеден асатын ауыз сумен қамту жобасын іске асырды

Жарияланды
Фото: Freedom Holding Corp баспасөз қызметі

Жұма, 4 тамыз күні Маңғыстау облысының Ақшұқыр ауылында жаңа сорғы станциясы мен сумен жабдықтау желілері ресми түрде іске қосылды. Бұл құрылыстың арқасында Ақтау қаласы мен жақын маңдағы ауылдар – Түпқараған ауданы Ақшұқыр мен Саин Шапағатов тұрғындарының бір бөлігі тұщы сумен қамтамасыз етіледі.

Құны 2,12 млрд теңгені құрайтын жобаны Freedom компаниялар тобы толық қаржыландырды. Ақтау қаласынан 10 км қашықтықта орналасқан ауыз сумен жабдықтау объектілерінің ашылуына Freedom Holding Corp Бас атқарушы директоры Тимур Тұрлов және Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев қатысты.

Меморандум. Өткен жылдың қазан айында Маңғыстау облысы әкімдігі мен Freedom компаниялар тобының арасында меморандумға қол қойылды. Бастама азаматтардың негізгі қызметтерге тең қолжетімділігін қамтамасыз ету, тұрғын үй-коммуналдық жағдайлар мен көлік байланысын жақсарту мақсатында құрылған «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасын қолдауға бағытталған.

«Өткен жылы Маңғыстау облысының әкімімен кездесу барысында біз өңірдің шұғыл әрекет етуді талап ететін негізгі мәселелерін көрдік. Сондықтан біз осы үлкен және өршіл жобаны іске асыруға бірден кірісіп кеттік, оның нәтижелерін бүгін көріп отырмыз. Бизнес пен мемлекеттің серіктестігі арқасында жүздеген мың адамдар таза ауыз суға қол жеткізе алады. Бір жылдан аз уақыт ішінде аймақ үшін әлеуметтік-экономикалық маңызы бар үлкен жобаны әзірленді және жүзеге асырылды. Бұл бірлескен күш-жігермен біз ауқымды мәселелерді тез және сапалы шеше алатынымызды және ел азаматтарының өмір сүру деңгейін арттыруға үлес қоса алатынымызды дәлелдейді», деді Freedom Holding Corp Бас атқарушы директоры Тимур Турлов.

Екі сумен жабдықтау желісінің әрқайсысының ұзындығы 10 км-ден асады, ал сорғы станциясының өнімділігі тәулігіне 20 000 м³ құрайды. Ақтау қаласындағы тұщыландыру зауытынан ОСЖТ-4 (орталық сумен жабдықтау торабы) дейінгі сорғы станциясы мен сумен жабдықтау желілерін салу және монтаждау жұмыстарын Маңғыстау облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының «Каспий Жылу, Су Арнасы» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны жүргізді.

«Бүгін біз Ақтау қаласында және Түпқараған ауданының жақын маңдағы ауылдарында ауыз су тапшылығы мәселесін шешуге көмектесетін өңіріміз үшін маңызды объектілердің бірі – жаңа сорғы станциясы мен сумен жабдықтау желісінің ашылу сәтіне қатысып отырмыз.  Соңғы жылдары су тапшылығы мәселесі Маңғыстау облысы үшін өте өзекті болып отыр. Облыс әкімдігі осы мәселені шешу бойынша жүйелі жұмыстар жүргізуде, тұщыландыру зауыттары салынуда, жұмыс істеп тұрғандардың қуаты артуда. Бірнеше жыл ішінде су тапшылығы мәселесін толық шешу күтілуде. Бүгінгі таңда тұщыландыру зауытынан ОСЖТ-4-ке дейінгі сорғы станциясы мен сумен жабдықтау желісінің ашылуы мәселені шешу бойынша қабылданып жатқан шаралардың бір мысалы болып табылады. Жобаны толығымен Freedom компаниялар тобы қаржыландырды, ол үшін облыс тұрғындары үлкен алғыс білдіреді», деді Нұрлан Ноғаев, Маңғыстау облысының әкімі.

Қазіргі уақытта «КЖСА» МКК тарапынан нысандар су беруге 100% дайын.

Айта кету керек, биылғы ақпан айында Freedom Holding Corp. маңызды құжаттарға қол қою арқылы Жаһандық келісімге және Біріккен Ұлттар Ұйымының Тұрақты даму мақсаттарына адалдығын мәлімдеді. Қол қоюшы ретінде компания өзіне, оның ішінде әлемдік қоғамдастық мойындаған адам құқықтарын қорғау жөніндегі күш-жігерді қолдау бойынша міндеттемелер алды. Сапалы ауыз суға және санитарияға қол жеткізу құқығы солардың бірі. Бұл жобаны іске асыру Маңғыстау облысы тұрғындарының іргелі құқықтарын қорғауға ықпал етеді және Холдингтің тұрақты дамудың мақсатына қол жеткізуге қосқан кезекті үлесі.

Жергілікті қауымдастықтар үшін инфрақұрылымға жасалған маңызды инвестициялармен қатар, Freedom компаниялар тобы қатысу аймақтарындағы өмір сапасын жақсартуға және қоршаған ортаны қорғауға бағытталған әлеуметтік және экологиялық жобаларды белсенді түрде қаржыландырады. Ұлттық ESG-клубының қатысушысы бола отырып, топтың брокерлік бағыты оның отырыстарына қатысады, қызметтің перспективалық бағыттарын және қаржы секторы компанияларында орнықты даму практикасын енгізудің өзекті мәселелерін талқылайды.

Үкіметтің хабарлауынша, бүгінгі таңда Маңғыстау өңіріндегі су тапшылығы аса маңызды мәселелердің бірі. Тәулігіне шамамен 77 200 м³ құрайтын ауыз судың жетіспеушілігі әсіресе жаз мезгілінде айқын көрінеді. Мәселені кезең-кезеңімен шешу үшін өңірде тұщыландыру зауыттары мен қондырғыларының құрылысы жүргізілуде. 

Сондай-ақ оқыңыз