«Лотте Рахат» кондитерлік компаниясы 2022 жылға 2,43 млрд теңге көлемінде дивиденд төледі. Бұл 2021 жылмен салыстырғанда 25 пайызға көп. Ол жылы компания 1,94 млрд теңге төледі. Бұл туралы Қазақстан қор биржасының (KASE) сайтында жарияланған құжатта айтылған.
Төлем 2023 жылдың 12 мамыры мен 31 шілдесі аралығында жүргізілген. Қарапайым акцияларға 697 теңге көлемінде дивидендтер төленген. Ал 2021 жылы компания бір акцияға 558 теңге, ал 2020 жылы компания бір акцияға шамамен 1,7 мың теңге көлемінде есептеп, 5,8 млрд теңге төлеген.
1 шілдедегі акционерлер тізілімінен алынған үзінді көшірмеге сәйкес, компанияның 95,57% акциясы оңтүстіккореялық Lotte Confecionery компаниясына тиесілі. Бұл компания 2013 жылы қазақстандық «Рахат» кондитерлік компаниясының акционерлерінің құрамына енген. Ал 2019 жылы LOTTE Confectionery өз үлесін 95,5%-ға дейін өсірді.
«Лотте Рахат» 2022 жылы таза кірісін 24,7%-ға арттырды. Компанияның таза пайдасы 8,4 млрд теңгені құрады. Компанияның кірісі бір жыл бұрын 65,4 миллиард болса, осы 83,5 миллиард теңгеге артқан. Ал компанияның акцияға шаққандағы пайдасы бір жыл бұрын 1,8 миллион теңге болса, осы жылы 2,3 миллион теңгені құрады. Компанияның активтері 60,2 млрд теңгеден 67,8 млрд теңгеге, капиталы 52 млрд теңгеден 58,4 млрд теңгеге, міндеттемелері 8,2 млрд теңгеден 9,4 млрд теңгеге дейін өсті.
«Рахат» фабрикасы 1942 жылы ашылды. Ол 81 жыл бойы жұмыс істеп келеді. Кәсіпорын кондитерлік және басқа да азық-түлік өнімдерін өндірумен және сатумен айналысады. 2021 жылы кондитерлік фабриканың атауы «Лотте Рахат» АҚ болып өзгертілді.