Қазақстан қонақүйлері осы жылдың бірінші тоқсанында 43 млрд теңгеге қызмет көрсеткен
2023 жылдың алғашқы үш айында қазақстандық қонақүйлер 43 млрд теңгеден астам табыс тапты, деп хабарлайды Мәдениет және спорт министрлігінің баспсаөз қызметі.
Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 1,6 есе көп. Былтыр алғашқы тоқсанда еліміздегі орналастыру орындары 26,3 млрд теңгеге қызмет көрсеткен екен.
Осы жылдың қаңтар-наурыз аралығында орналастыру орындарына 228 мың шетелдік қонақ тоқтаған.
«Ішкі және шетелдік туристер санының артуына байланысты қонақ үй қызметінің көлемі де ұлғайды. Мәселен, биыл жаз басталғалы елімізге келген шетелдіктердің жалпы саны 3 есе артты. Атап айтқанда, Қытайдан – 8,5 есе, Үндістаннан – 4,7 есе, Оңтүстік Кореядан – 3,8 есе, Ираннан – 3,8 есе, Германиядан – 3 есе, АҚШ-тан – 2,2 есе артып отыр»,- деді Мәдениет және спорт министрлігінің баспасөз хатшысы Мөлдір Әбдуалиева.
Айта кету керек, жыл басынан бері Қазақстанда қонақ үйлердің саны 4 мыңға жеткен. Олардың жалпы сыйымдылығы 203 мыңнан астам орынды құрайды.