Қазақстанда цемент жөніндегі стандарт бекітілді

Қазақстан стандарттау және метрология институты «QazCem» Қазақстан цемент және бетон өндірушілер қауымдастығымен бірлесіп әзірлеген композициялық портландцементке және композициялық цементке арналған стандарт бекітілді.
Жаңа стандарттың басты ерекшеліктерінің бірі – өндірушілердің цемент өндірісіндегі қож бен күл сияқты өнеркәсіп қалдықтарын пайдалану мүмкіндіктерін кеңейту. Бұл қадам қалдықтарды сақтау көлемін азайтуға және тұрақты әлеуметтік-қоғамдық өмір қалыптасуына ықпал ету арқылы экологияға оң әсер етеді.
Стандарттағы тағы бір жаңалық – клинкер-фактордың азаюы, бұл Қазақстан Республикасындағы цемент өндіретін зауыттарға соңғы өнімнің сапасына нұқсан келтірмей өндіріс көлемін ұлғайтуға мүмкіндік береді.
«Мұндай тәсіл Мемлекет басшысының Шетелдік Инвесторлар Кеңесінің 34-ші пленарлық отырысында белгілеген, экономиканы декарбонизациялау бойынша мәлімделген мақсаттарға қол жеткізуге ықпалы болады деп ойлаймыз», – деп атап өтті ҚазСтандарт сарапшылары.