Астана қаласының әкімдігі 2023 жылы жерүсті суларды бұру үшін 2,5 км магистральдық нөсер кәріз желілерін салу жоспарланып отырғанын хабарлады.
Өткен жексенбі күні жауған нөсер жаңбыр салдарынан көшелерде тұрып қалған су көліктердің жүрісіне кедергі келтірген болатын. Әлеуметтік желілерде елорда көшелеріндегі жағдайды көрсететін видеолар көптеп жарияланған еді. Айта кету керек, Астана көшелеріндегі жаңбырдан кейін пайда болатын шалшық сулар ешкімге тосын ақпарат емес. Жиі қайталанатын құбылыс.
Қала әкімдігі жауын-шашынға байланысты қала бойынша 100-ден астам техника (ассенизаторлық машиналар мен мотопомпалар) жұмылдырылғанын хабарлады.
«Elorda eco system» мекемесі жерүсті суларды бұруды қамтамасыз ету мақсатында тұрақты негізде тиісті шаралар жүргізуде: коллекторлар мен жаңбыр қабылдағыштарды тазарту, құбырларды буландыру, су шығару. Сондай-ақ, нөсер кәріз жүйелері мен тазартуға арналған құрылыс жұмыстары жүргізілуде», деп хабарлады қала әкімдігі.
Ақпаратқа сәйкес, осындай іс-шаралардың арқасында 201 проблемалық учаскедегі су тасқыны проблемасын шешуге мүмкіндік берген.
Айта кету керек, Астана қаласының даму мәселесі дүйсенбі күні Үкіметте де қаралды. Жиында қала Жеңіс Қасымбек жаңа бағдарламалық құжаттарды, оның ішінде Астананы дамытудың 2035 жылға дейінгі бас жоспарын, 2030 жылға дейінгі қайта жаңарту бағдарламасын және Көгалдандырудың бірыңғай тұжырымдамасын әзірлеу жұмыстары туралы баяндады.
Президент шаһардың 25 жылдық мерейтойына арнаоған жиында мегаполистердің табысты болуының басты көрсеткіші оның тұрғындарының тұрмыс сапасымен өлшенуге тиіс деп санайтынын мәлім еткен болатын. Сол себепті де елорданы дамыту және абаттандыру кезінде «адам қала үшін емес, қала адам үшін» қағидатын басшылыққа алу маңызды деп біледі.
«Адамға бағдарланған мұндай ұстаным мүлде басқа стратегиялық мақсатты көздейді. Қала әкімдігі, ең алдымен, тұрғындардың мүддесі мен қажетін басшылыққа алады. Астананың барша тұрғыны мен қонақтары үшін қалада барынша қолайлы орта қалыптастыру – аса маңызды мәселе. Біз бәріне тең мүмкіндік берілетін қоғам құру жолын таңдадық және осы бағытта дамып келеміз. Сондықтан өзара жауапкершілік пен азаматтық ынтымақтастыққа негізделген инклюзивті дамуға айрықша мән береміз», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.