Ауыл шаруашылығы министрлігі өңірлердің жемшөп шығындарының құнын субсидиялауға 11,7 млрд теңге бөлінгенін хабарлады. Ведомства дерегінше, қажет болған жағдайда облыс әкімдіктерінің қосымша қаражат жіберуге мүмкіндігі бар. Жалпы, елімізде құрғақшылыққа байланысты жем-шөп тапшылығы болмайды.
Министрлік ақпаратына сәйкес, құрғақшылыққа қарамастан, қазақстандық фермерлер 12,7 млн тонна шөп дайындады, бұл биылғы жылға жоспарланған көлемнің 50,7% құрайды.
Сонымен қатар, алғаш рет жемшөп дайындау жұмыстарын жүргізу үшін ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер жеңілдікті дизель отынын ала алады. Өтінімдерге сәйкес 57,9 мың тонна жанармайға қажеттілік бар. Қазір жеткізу басталды.
Бұдан басқа, 2022 жылдың қорытындысы бойынша Азық-түлік корпорациясы 235,2 мың тонна көлемінде жемшөп қорын қалыптастырды, оның қорлары қажет болған жағдайда мал және құс шаруашылығы кәсіпорындарын арзандатылған бағамен қолдау үшін бағытталатын болады.
«Құрғақшылықтан зардап шеккен өңірлерде «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ желісі бойынша фермерлердің несиелік борыштарын ұзарту және қайта құрылымдау мүмкіндігі қарастырылып жатыр. Сондай-ақ, Үкімет резервінен мал шаруашылығын субсидиялауға қосымша қаражат бөлу мәселесі пысықталуда», делінген хабарламада.
Жамбыл, Қостанай, Түркістан және Ақмола облыстарында шөп дайындаудың жақсы қарқыны байқалады. Павлодар, Атырау, Маңғыстау және Шығыс Қазақстан облыстарының қарқыны төмен.
Қостанай облысында: мал қыстайтын кезеңге 1,1 млн тонна шөп жинау жоспарланған, оның 843,3 мың тоннасы немесе 76,8% дайындалған. Биыл азық дайындау үшін өңірге 6,3 мың тонна арзандатылған дизель отыны бөлінді. Шөптің орташа сату бағасы 1 тонна үшін былтырдан бері өзгерген жоқ, 24-30 мың теңгені құрайды. Алайда, облыс орталығына жақын кейбір аудандарда коммерциялық баға 40-45 мың теңгеге дейін жетеді. Сонымен қатар, облыс әкімдігі зейнеткерлерді, бюджеттік ұйымдардың қызметкерлерін, көп балалы отбасыларды, аз қамтылғандарды қолайлы бағамен қатты азықпен қамтамасыз ету бойынша жұмыс жүргізіп жатыр.
Ақмола облысында: фермерлер 901,2 мың тонна шөп немесе жоспардың 68,9%, 132,8 мың тонна (51,1%) пішен дайындады. Жем дайындау үшін арзандатылған ЖЖМ алуға 4,4 мың тонна дизель отынына 200-ден астам шаруашылық өтінім берді. Биыл өңірдегі жемшөп дақылдарының көлемі 27,6 мың гектарға ұлғайып, 223,4 мың гектарды құрады. Өңірде жемшөп дақылдары өндірісінің көлемін арттыру үшін суармалы жерлерді кеңейту бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр.
Шығыс Қазақстан облысында: бүгінгі таңда 296,2 мың тонна шөп немесе жоспарланған көлемнің 35% дайындалды.
«Сондай-ақ, шырынды мал азығының негізгі бөлігі қыркүйек айында басталатын жүгері сүрлеміне тиесілі екенін ескеру қажет. Құрғақшылыққа байланысты елімізде жем тапшылығы болжанып отырған жоқ», делінген хабарламада.