«Каспий» су тұщыту зауытын кеңейту»  жобасына Үкімет резервінен 5,08 млрд теңге бөлінді

Жарияланды
су
Фото: shutterstock

Ақтау қаласындағы «Каспий» су тұщыту зауытын кеңейту»  жобасын аяқтауға Үкімет резервінен 5,08 млрд теңге бөлу туралы Әлихан Смайылов қол қойды. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады.

Облыс әкімдігінің ақпараты бойынша зауыттың құрылыс-монтаждау жұмыстары 80%-ға орындалған.

Маңғыстаудағы су тапшылығын жою үшін үкімет резервінен 5,6 миллиард теңге бөлінгені туралы Ақорданың баспасөз қызметі 12 шілде күні хабарлаған болатын.

«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Маңғыстау облысы Мұнайлы ауданы тұрғынының тұщы су тапшылығына қатысты арыз-шағымына назар аударды. Мемлекет басшысы Үкімет пен облыс әкімдігіне аталған мәселені мүмкіндігінше қысқа мерзімде шешуді тапсырды», делінген хабарламада.

«Каспий» су тұшыту зауытының қуатын тәулігіне 40 мың текше метрге дейін жеткізу жөніндегі жобаның жүзеге асырылуы Мұнайлы ауданының ауылдары мен Қарақия ауданы Құрық ауылының тұрғындарын сумен үздіксіз қамтамасыз етуге және су тапшылығын толық жоюға мүмкіндік беретіні айтылған болатын. Кәсіпорынның бұрынғы өнімділігі бұдан екі есе аз болған.

Үкіметтің баспасөз қызметінің хабарлауынша, осы жылдың 5 шілдесінде Маңғыстау облысына жұмыс сапары барысында Премьер-Министр Ә. Смайылов жобаның іске асырылу барысымен танысты. Үкімет басшысы Маңғыстау облысының Мұнайлы, Түпқараған және Қарақия аудандарының 180 мың тұрғыны үшін зауытты іске қосудың маңызы зор екенін атап өтті.

Сондай-ақ оқыңыз