Мемлекеттік балабақшалар тек қазақ тілінде тәрбие бере ме – Оқу-ағарту министрлігі жауап берді
Еліміздегі балабақшалардың 69%-ы мемлекеттік тілде білім береді. Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігі Ерте жастағы балаларды дамыту институтының директоры Манара Адамова орталық коммуникация қызметінде өткен брифингте хабарлады.
Брифингте журналистер министрлік өкілінен «бұған дейін оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев қазақ балабақшаларын көбейтеміз, мемлекеттік балабақшалар мемлекеттік тілде тәрбие берумен айналысады деп айтты. Осы жұмыс қалай жүріп жатыр? Мемлекеттік балабақшаға барған бала қашаннан бастап толық 100% мемлекеттік тілде білім алады?» деп сұрады.
«Балабақшалардың 69%-ы мемлекеттік тілде тәрбиелеп, білім береді. 2 жыл бұрын мемлекеттік тілде тәрбиеленетін балалардың үлесі 65% болған. Сондықтан қазір бұл бағытта жұмыстар жүргізіліп жатыр. 2022-2023 оқу жылында қабылданған негізгі нормативті құжаттардың негізінде бағдарламаға қосымша сөздік-минимум әзірленген. Бұл қазақ тіліндегі сөздік-минимум қазір педагогтердің, балабақшадағы барлық персоналдың күні бойы баламен сөйлескен кезде қолдану арқылы сөздің қорын қалыптастыруға бағытталған», – деді Манара Адамова.
Айтуынша, жаңадан ашылып жатқан балабақшалардағы топтардың барлығының қазақ тілінде тәрбие алуына назар аударылып отыр.
«100% қазақ тілінде дегеннің артында әрбір баланың тағдыры мен әрбір ата-ананың сұранысы бар. Ол бір күнде іске асырылмайды. Келешекте ата-аналардың тарапынан қай тілде баласына тәрбие беру қажет деген сұранысына қарай кезең-кезеңімен жүзеге асырылады. Бұл бағытта жұмыс жалғасып жатыр. 100%-ға жететін уақыт та келеді. Алдағы 3 жыл, 5 жыл бола ма – барлығы уақыттың еншісінде. Қоғамның дайындығы, ата-аналардың дайындығына байланысты», – деді Ерте жастағы балаларды дамыту институтының директоры.
Сондай-ақ брифингте көпқабатты үйдің бірінші қабатында балабақша ашу мәселесі көтерілді.
Оқу-ағарту министрлігі мектепке дейінгі білім департаментінің директоры Наталья Жұмаділдаеваның айтуынша, мәжіліс депутаттарының бастамасымен заң жобасы әзірленген. Құжатта мектепке дейінгі тәрбие беру нысандарын көпқабатты үйдің бірінші қабатында орналасуға рұқсат беру туралы норма енгізілген.
«Мұндай жағдайда құрылыс салушы бірден балалар серуенге шыға алатын аймақты айқындауы қажет. Ол жердің аумағы мектепке дейінгі тәрбие беру нысанына лайықтадады. Қазірдің өзі кей балабақшаның тұрғын үйдің бірінші қабатында орналасқаны туралы жағдай кездеседі. Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетімен бірлесе бұл мәселе қаралып жатыр. Себебі мектепке дейінгі тәрбие беру ұйымдарында ережелер бар. Ол жерде барлық талап жазылған», – дейді Наталья Жұмаділдаева.