Қарағандыдағы екі жылыту орталығын жөндеуге биыл 13 млрд жұмсалады

Жарияланды
тэц
Фото: primeminister.kz

Қарағандыдағы екі ЖЭО-ны жөндеуге биыл 13 млрд жұмсалады. Бұл туралы ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Роман Склярдың Қарағанды облысына жұмыс сапары барысында айтылды.

Роман Скляр Теміртауда жылу көздері мен жылу желілерін ауқымды реконструкциялау жұмыстарымен танысты. «АрселорМиттал Теміртау» АҚ 2-ЖЭО-сының бас директоры Владимир Яблонскийдің айтуынша, үш қазандық пен үш турбиналы генераторды жөндеу жұмыстары аяқталуға жақын. Сондай-ақ жетінші қазандықты салу бойынша маңызды жобаны іске асыру кешіктірілуде: нысанда жұмысшылар жетпей жатыр, негізгі жабдықтар кешігіп орнатылуда.

Мердігер ұйым басшылығыныңесебін тыңдаған Роман Скляр құрылыс-монтаждау жұмыстарын уақытылы аяқтау қажеттігін ескертті. Сонымен бірге премьер-министрдің орынбасары Теміртаудағы жылу желілерінің жөндеу барысымен танысты. Жұмыстар жылу беру маусымы басталғанға дейін аяқталуы тиіс.

Сондай-ақ Роман Скляр облыстың басқа да бірқатар энергия көздерін аралап, Топар, Шахтинск және Қарағанды қаласына барды.

«Топар» МАЭС басшылығы негізгі және қосалқы жабдықтарды күрделі және қалыпты жөндеу жұмыстары кесте бойынша жүріп жатқанын хабарлады.

«Бүгінгі таңда жөндеу бағдарламасы 60%-ға орындалды. Көзделген жоспарлардан артта емеспіз. Барлық міндеттемелерді орындаймыз», деді «Топар» МАЭС операциялық директоры Александр Бузо.

Ал Шахтинск ЖЭО-сының тозуы – 75% деңгейінде. 10 жыл бойы жабдыққа күрделі жөндеу жүргізілмеген. Биыл үш қазандық пен екі турбина жөнделіп жатыр.

Ал Қарағанды қаласын жылумен және электр энергиясымен қамтамасыз ететін екі энергия көзі – 3-ЖЭО және 1-ЖЭО-ында 16 қазандық пен 10 турбина жөнделіп жатыр. Бұларды жөндеу бағдарламасының жалпы құны 13 млрд теңгені құрайды.

Сондай-ақ оқыңыз