Француздық Кayrros SAS геоаналитикалық фирмасы 3 тамызда спутниктер бір айда кем дегенде тоғыз рет Қазақстан аймағынан атқылаған метан бұлттарын байқағанын хабарлаған болатын. Бұл тұжырымдаманы Нидерланды ғарыштық зерттеулер институтының SRON ғалымдары да растады. Осыған қатысты «Бзачи-Нефть» ЖШС-нің баспасөз қызметі мәдімдеме жасады.
«Бұған дейін бұқаралық ақпарат құралдарында француздық Kаyrros SAS компаниясының спутнигіне сілтеме жасай отырып, «Шығыс Қаратұрын» кен орнындағы №303 апаттық ұңғымасынан шыққан метан шығарындыларының жылдамдығы сағатына 35-тен 107 метрикалық тоннаны құрайтыны туралы ақпарат тараған болатын. Ең алдымен, метан шығарындыларының болжамды көлемін автомобиль шығарындыларының көмірқышқыл газымен (CO2) салыстыру дұрыс емес екенін атап өткіміз келеді», делінген хабарламада.
Компанияның баспасөз қызметінің хабарлауынша, №303 апаттық ұңғымада газ-су қоспасы шығады.
«Субұрқақ негізінен судан тұрады. Газдың көлемі шамалы, тәулігіне мөлшері 12,000 куб метр және Цельсий бойынша 650 градус температурадағы өрт эпицентрінде метан, экологияға айтарлықтай зиян келтірместен, толықтай жанып кетеді. 2023 жылғы 9 маусымда, 23 маусымда және 30 шілдеде алынған ауа сынамаларының деректеріне сәйкес, орын алған апаттан кейін санитариялық-қорғау аймағындағы атмосфералық ауадағы зиянды элементтердің шекті рұқсат етілген концентрациясының нормалары рұқсат етілген көрсеткіштерден аспайды», деп хабарлайды компания.
Компания өндірістік тәжірибеде метанның атмосфераға еркін тарап кетуіне жол бермеу үшін ұңғымалардан метанның тәртіптен тыс бөлінуі кезінде, сигналдық зымыран тасығыштың зарядын ату арқылы бөлінген газды әдейі өртеп жіберетінін хабарлады. «Бузачи Нефть» тарапынан экологиялық талаптардың бұзылмағанын растау мақсатында компания арнайы бейнематериал жариялады.
«Онда зымыран тасығыштан атылған оқ апаттық ұңғыманың үстіндегі бұлттың өртенуіне әкелмегенін көрініп тұр. Метан болған жағдайда жанып тұрған снарядты атқан сәтте оның өртенуін байқаған болар едік. Осылайша, №303 апаттық ұңғымада субұрқақ негізінен судан тұратындығын ескере отырып, ұңғымадан шыққан бу құрамында аз мөлшерде, яғни құрамы 2%-3% аспайтын метан молекулалары бар ыстық бу бұлттары спутниктік суреттерде байқалғанын хабарлаймыз», деп мәлімдейді баспасөз қызметі.
Қазіргі уақытта №303 апаттық ұңғымада апат салдарын жою жұмыстары жалғасып жатыр.
Бұл кен орны кімге тиесілі?
«Бузачи нефть» ЖШС-не – AIL Alpha Corporation Ltd компаниясы арқылы Мұрат Сафин иелік етеді. Мұрат Сафин – MTA Securities & Investment Limited компаниясына тиесілі «Атыраумұнайгазгеология» АҚ Директорлар кеңесінің төрағасы. Forbes-Қазақстанның 2013 жылғы рейтингі бойынша Қазақстанның ең бай 50 адамдары тізімінде №49 орында болған. Оның сол кездегі байлығы 82 000 000 долларға бағаланған.
Оның туған ағасы – Қанатбек Сафинов. Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты. Оның өмірбаяны мұнай және энергетика саласымен тығыз байланысты. Өзінің карьералық жолын лауазымды қызметтерден бастаған. Кейінгі жылдары мемлекеттік маңызы бар ұлттық компанияларға басшылық еткен. Атап айтқанда, 2019 жылға дейін Қанатбек Сафинов «ҚазМұнайГаз» ҰҚ АҚ құқықтық қамтамасыз ету бойынша басқарушы директоры, «Самұрық» мемлекеттік активтерді басқару жөніндегі қазақстандық холдинг» АҚ-ың басқарушы директоры кейіннен «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ-ың басқарушы директоры – басқарма мүшесі, Қазақстан Республикасы Энергетика және минералды ресурстар министрлігіның Жауапты хатшысы, Қазақстан Республикасы Мұнай және газ министрлігінің Жауапты хатшысы, Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің Жауапты хатшысы қызметтерінде істеген.
Еске сала кетсек, 9 маусым күні «Оңтүстік Қаратұрын» мұнай кен орнында өрт тұтанды.
Сонымен қатар, Маңғыстау облысында маусым айынан бастап жанып жатқан өртті сөндіруге миллиондаған теңге жұмсалған.