Қуаңшылық, жанар-жағармайдың қымбаттығы, шегіртке шабуылы: еліміздің азық-түлік қауіпсіздігіне қауіп төніп тұр ма?

Жарияланды

Шаруалар Gosagro.kz субсидиялаудың бірыңғай мемлекеттік жүйесінің жұмысы әлі де дұрыс істемейтінін айтып шағымданды. Фермерлер сонымен бірге агроөнеркәсіп кешенін субсидиялау мен несиелеу жүйесінің осалдығын айтты. «Атамекен» ҰКП Төралқасы Агроөнеркәсіп кешені комитетінің отырысында сонымен бірге қуаңшылық салдары, ақбөкендер популяциясының егінге зияны, шегіртке шабуылы, жанар-жағармайдың қымбаттығы сынды түйткілді мәселелер көтерілді.

Шаруалар жыл ортасынан асса да субсидиялаудың бірыңғай мемлекеттік ақпараттық жүйесінің (Gosagro.kz) кемшіліктері әлі де реттелмегенін айтады. Бұл жүйенің кемшін тұсын фермерлер мен Ұлттық палата бірнеше рет тиісті органдарға жеткізген, алайда мәселе шешімін таппаған.

«Субсидиялау бойынша шамамен 124,5 млрд теңге қажет. Мысалы, Ақмола облысында фермерлерге сүт құнын арзандатқаны үшін соңғы төлем осы жылдың наурызында жүргізілді. Құс етінің өндірісінде де жағдай ұқсас. Сондай-ақ, өңірлерде жаңа ұсыныстар бойынша пайыз мөлшерлемесін субсидиялауға қаражат жоқ», деді комитет төрағасы Жигули Дайрабаев.

Екінші үлкен мәселе – құрғақшылық. Биыл аптап ыстықтан талай шруалар шығынға ұшырады. Сонымен қатар Қазақстанның Солтүстік өңірлерін шегіртке басып, жағдайды қиындата түсті.

«Қуаңшылық салдарынан бірқатар аймақта дақылдар айтарлықтай нашарлады. Мәселен, Жамбыл облысының өзінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерін өндіретін Байзақ, Жамбыл, Қордай, Меркі, Талас, Шу аудандарында суармалы судың тапшылығы қатты сезілді. Ал, Қостанай және Ақтөбе облыстарында шегірткелердің басып кіруі жағдайды ушықтырды. Жылдан жылға фермерлер ақбөкендер популяциясынан шығынға ұшырайды. Бүгінгі таңда олардың саны 2 млн басқа, ал шаруаларға келтірілген залал миллиардтаған теңгеге жетті», дейді комитет төрағасы.

Шаруалардың айтуынша ақбөкендер жыл сайын егінге үлкен зиян келтіреді. 2023 жылғы авиациялық есепке сүйенсек, елде ақбөкендердің саны 1,9 млн-нан асады екен. Үш популяциядағы ақбөкендер саны – 97 мың бас немесе өткен жылғы көрсеткіштен 45,3% артық екен. Ақбөкен ішінара Батыс Қазақстан, Маңғыстау, Ақтөбе және Атырау облыстарын мекендейді. Үлкен популяциясы – Қарағанды, Ұлытау, Ақмола және Қостанай облыстарында кездеседі. Фермерлердің айтуынша, ақбөкеннің салдарынан ауыл шаруашылығы дақылдарының егістігі ғана емес, жайылымдық жерлерге де шығын келген.

Ал елдің оңтүстігінде егістіктер қуаңшылық салдарынан зиян шегіп жатыр. Жамбыл облысы әкімдігінің ақпаратына сәйкес, биыл қант қызылшасының дақылдары 11,1 мың гектар егіс алқабына егілген. Өкінішке қарай су тапшылығы салдарынан 4,2 мың га жерге егілген өнім жарамсыз болып қалған. Жалпы құрғақшылыққа байланысты облыс бойынша 3,6% суармалы егіс алқаптары жарамсыз деп танылған. Ал зардап шеккен фермерлердің шығыны – 3,3 млрд теңгеге бағаланып отыр. Ылғал сүйгіш бұл дақылдың қазанға дейін суарылатынын ескере келе, қалған алқаптан да өнім алу мүмкіндігі «өте төмен» дейді шаруалар. Сонымен бірге судың тапшылығы Павлодар, Жетісу және басқа да өңірлерде сезілген.

Ауыл шаруашылығы вице-министрі Әбілхайыр Тамабек бұл мәселе Үкімет басшысының деңгейінде қаралып жатқанын және төтенше жағдай жариялау мәселесі қарастырылып жатқанын айтты. Вице-министрдің айтуынша, Жамбыл облысында бес аудан қуаңшылықтан зардап шеккен.

«Түркістаннан бөлек Павлодар облысында екі аудан бар. Бірақ жалпы өңірде жағдай мәз емес. Фермерлерге пролонгация (ұзарту) жасау, химиялық өңдеу құралдары, тыңайтқыштарды сатқан ұйымдармен келісіп, шаруалардың қарызын келесі жылы төлеу механизмі, үшінші субсидия бойынша қарызынан толық құтылу сынды шаралар қаралып жатыр. Республикада бойынша 176 млрд теңге қарызын бюджеттік өтемге бердік. Бірінші кезекте Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Жамбыл сияқты өңірлердің қарыздарын, қалған өңірлерді екінші кезекте өтеу қаралып отыр», деді Әбілхайыр Тамабек.

Сонымен қатар, жиында шаруалар жанар-жағармай қымбатшылығына тоқталды. Көктемде операторлар фермерлерге орташа бағамен 204 теңге/литр деңгейінде жеткізсе, бүгінде орташа баға 269 теңге/литр дейін ұлғайып, 32% қымбаттаған. Сонымен бірге шаруалар Ресейден арзанға кіргізіліп жатқан қант мәселесіне де тоқталып, Қазақстан зауыттарында шығарылатын қанттың өзіндік құны Ресей қантының құнымен бәсекелесе алмайтынын айтты.

Сондай-ақ оқыңыз