Құрылысы 18 жылға жуық созылған Олимпиадалық даярлық базасы жыл соңында пайдалануға берілуі ықтимал

Жарияланды

Алматы облысының Қарасай ауданында құрылысы 2005 жылы басталған олимпиадалық даярлық базасы жыл соңында пайдалануға берілуі мүмкін. Бұл туралы Мәдениет және спорт министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

40 га аумақты алып жатқан спорттық базаның құрылысымен министр Асхат Оралов танысты.

Мұнда бір мезетте 2300 адам олимпиадалық спорттың 23 түрімен айналыса алады. Мұнда 9 жабық спорт кешені бар: бұл жеңіл атлетика манежі, мұз аренасы, көпфункционалды спорт залы, гимнастика және ауыр атлетика залы, 10 жолақты 50 метрлік олимпиадалық бассейн, жекпе-жек залы, мергендерге арналған садақ және оқ ату алаңы, 420 орындық қонақ үй, допингке қарсы зертханасы бар медициналық орталық және басқа да нысандар. Спорт нысандарының барлығы да халықаралық талаптар мен стандарттарға сай келеді.

«Министрлік болашақта база аумағында әлем чемпионаттарының кезеңдерін, универсиада, спартакиада сынды халықаралық жарыстарды өткізуді жоспарлап отыр. Ол үшін мұнда барлық мүмкіндік қарастырылған»,деді Асхат Оралов.

Кешеннің құрылысы 2005 жылы басталған болатын. Әр жылдары қаржылық және басқа да мәселелерге байланысты құрылыс тоқтап қалған базаның құрылысы жыл соңына дейін аяқталуы керек. Қазір сыртқы инженерлік желілерді тарту және асфальт төсеу мәселелері шешіліп жатыр.

База аумағында спорт нысандарынан бөлек кітапхана, бірнеше конференц зал, боулинг, спорт дүкені мен дәмханалар болады.

Сондай-ақ оқыңыз