Алматыда тұңғыш рет тек мемлекеттік тілде бизнес форум өткізіледі

Жарияланды
Фото: shutterstock

Алматыда тұңғыш рет тек қазақ тілінде «Sana Business Forum» аталатын бизнес форум өтеді. 15-тамызға жоспарланған шараға қаржыгерлер, экономистер және кәсіпкерлер қатысады.

Жиынды ұйымдастырушылар оны экономика, бизнес және қаржы салаларында тәжірибе алмасуға және өзекті мәселелердің шешімін табуға септігін тигізетін кәсіби платформаға айналдыруды көздеп отыр.

Форумның басты мақсаты: Үкімет, бизнес және ғылым арасында байланыс орната отырып, ел экономикасының даму мәселелері, сын-қатерлері және мүмкіндіктерін талқылау.

Кімдер қатысады. Бизнес форумға 50-ден аса сарапшы мен қонақ шақырылған, жалпы қатысушылар саны 300-ден асады деп күтіліп отыр.

«Sana Business Forum» спикерлерінің қатарында Ұлттық экономика министрлігінен және Ауыл шаруашылық министрлігінін өкілдері бар. Экономисттер Жақсыбек Құлекеев, Мақсат Халық, «Атамекен» ҚР ҰКП Төралқа төрағасыРайымбек Баталов, «Сентрас Иншуранс» сақтандыру компаниясының персонал жөніндегі директоры Айгүл Қуатқызы қатысады. Кәсіпкерлер: «Golden Bridge Partners» серіктестігінің негізін қалаушы және директоры Jańa Post компаниясының негізін қалаушы Болатбек Дәлелханұлы, «QAZHEALTH TRADE» ЖШС директоры Айтуған Мұқашев, SONA lab, Med Progress, Nomad Goldman Logistics, Acvee Finance компанияларының негізін қалаушы Аслан Назаралиев, Америкалық AES корпорациясының Арлингтондағы бас кеңсесінде робототехника мен дрондар жөніндегі бағдарламаның жаһандық жетекшісі Әсел Аяпова және өзге де танымал ғалымдар, кәсіпкерлер, экономистер, сарапшылар қонақ ретінде қатысады.

Үш панельдік сессиядан тұратын форум барысында шағын және орта бизнесті масштабтау, мықты команда құру және кәсіптегі иновациялар бағытында сарапшылар баяндама жасап, пікір-таластар ұйымдастырылады.

Форум барысында Youtube желісі арқылы тікелей эфир жүргізу жоспарлануда. Іс-шара толықтай мемлекеттік тілде өтеді.

Сондай-ақ оқыңыз