Жаңалықтар

ІІМ іздеу жарияланған боксшы Бейбіт Шүменовтің Қазақстан азаматы екенін растады

Фото: kursiv.media

Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов іздеу жарияланған белгілі боксшы Бейбіт Шүменовтің Қазақстан азаматы екенін растады.

«Бейбіт Шүкеновке қатысты тергеу жүріп жатыр. Оған іздеу жарияланды. Кезінде істі тіркемеген (полиция) қызметкерлер тәртіптік жауапқа тартылды. Қазір тергеу амалдары жүріп жатыр. Ол шетелдік емес, Қазақстан азаматы», – деп нақтылады Ахметжанов.

Айта кетейік, 18 маусымда Астанадағы ойын-сауық орталықтарының бірінде жанжал шығып, белгілі боксшы Бейбіт Шүменов қолында баласы бар ер адамды (қырғыз азаматы) ұрып-соққан. Сол кезде Ішкі істер вице-министрі Қайрат Сүнтаев боксшыға қатысты «бұзақылық» бойынша іс қозғалғанын айтты. Сондай-ақ дер кезінде Бейбіт Шүменовке шара қолданбаған полиция қызметкері жауапқа тартылатынын мәлімдеді.

Астана қаласы полиция департаментінің баспасөз қызметі сол жанжалдан кейін тексеріс жүргізіліп, Есіл аудандық полиция бөлімшесінің жергілікті полиция инспекторы қызметінен босатылғанын хабарлады. Кезекші бөлімшенің жедел кезекшісіне және «Есіл ауданы» ММ жергілікті полиция қызметінің бөлімшесінің аға учаскелік полиция инспекторына қызметтік талаптарды толық орындамағаны туралы ескерту жасалды.

Сонымен қатар аудандық полиция басқармасы бастығының орынбасары қызметінен босатылды, аудандық полиция басқармасының басшысына сөгіс жарияланды.