Қазақстан нарығына Қытай электромобильдері келетін болды. Әлем Қытай өндірісінен неге «қауіптенеді»?
ZEEKR электромобиль бренді Қазақстан нарығына кіретінін ресми жариялады. Orbis Auto автомобиль тобы ZEEKR маркасының премиум-кластағы интеллектуалды электромобилдерін сату және қызмет көрсету құқығын иеленген. Дистрибьюторлық келісімге Алматыда Orbis Auto автомобиль тобына кіретін отандық Evolux Auto ЖШС мен қытайлық ZEEKR Intelligent Technology компаниясы қол қойды. Жоба аясында еліміздің үлкен шаһарларында дилерлік орталықтар желісі ашылып, ZEEKR стандарттары бойынша сатылымнан кейінгі қызметтер көрсетіледі.
Ресми дистрибьютор қалааралық бағыттарды да қамти отырып, электр қуаттау станциялар желісін де дамытуға ниетті. Ал алғашқы электромобильдер осы жылдың төртінші тоқсанында еліміздің нарығына келіп түседі деп жоспарланған. Өндірушілер нарыққа екі модель ұсынбақшы – ZEEKR 001 шутинг-брейк және ZEEKR X спорттық кроссовері. Ал келер жылы модель қатары төртеуге дейін көбеймек.
«ZEEKR-дің барлық электромобилдері қазақстандық нарық талаптарына бейімделеді. Негізінен, өндірушіден тікелей кепілдік ұсынылады және жергілікті тілдік интерфейс нұсқасы енгізіледі. «Бүгінде Қазақстанда электромобильдерге кәсіби қызмет көрсету станциялары жоқ. Сонымен қатар, электромобиль күрделі технологиялық құрылым және стандарттарды, тәжірибе мен дағдыларды талап ететін техникалық қызмет көрсету мен жөндеудің өзіндік ерекшеліктері бар. Orbis Auto ZEEKR маркалы ресми орталықтардан сатып алынған және өндірушінің тікелей кепілдігі бар ғана ZEEKR электр көліктеріне арнайы қызмет көрсету және жөндеу жұмыстарын жүргізеді», дейді Orbis Auto автомобиль тобының бас директоры Динара Ысқақова.
Өз кезегінде ZEEKR Intelligent Technology вице-президенті Ю Чен қытайлық автоөндірушілер Қазақстанның қызықты нарық екенін айтып өтті. Жалпы, қазір Қытай автоөнеркәсіпті, соның ішінде электромобильдер өндірісін қарқынды өрістетуде. Қазақстаннан бөлек, Еуроодақ пен Израиль нарығына шығу жоспарларын да мәлімдеген еді. Қытайдың дәл бұлай қарқын алуы әлемдік автоөндіріс алпауыттарын да ойландырып қойған сыңайлы.
Cnbc.com хабарлауынша, BMW, Volkswagen сияқты автоөндіріс лидерлері Қытай электромобилдерімен бәсекеге түсу үшін жүргізушіге көмектесуге арналған бағдарламалық қамтамасыз ету секілді алдыңғы қатарлы технологияларды пайдалануға көше бастаған. Canalys компаниясының зерттеу есебінде көрсетілгендей, қытайлық брендтер электр және ақылды транспорт нарығына ерте шығу мүмкіндігін пайдалана отырып, көлік жүргізуге көмектесетін озық жүйелерді әзірлеу мен енгізуде нарық көшін бастап отыр.
BofA Securities мамыр айындағы есебінде Қытай нарықтың 40-45 пайыз үлесін иелене отырып, 2025 жылы әлемдік электромобиль нарығындағы ірі өндіруші және ұсынушы болады деп күтетінін мәлімдеген.
«Қытайлық автоөндірушілер автомобиль платформаларын әзірлеуді, технологияларды модернизациялау немесе инновацияларды енгізуді жедел жүргізіп жатыр. Соның арқасында тамаша пайдаланушылық тәжірибе пайда болды. Электромобилдерге арналған қытайлық өнімдер бұрынғыдан да бәсекеге қабілетті бола түсті және біздің пікіріміз бойынша, Қытайдағы электромобиль нарығы үлкен қарқынмен дами бермек», дейді BofA Securities аналитиктері.
2022 жылы Қытай 5,9 млн бірлік электромобиль сатқан, бұл – әлемдік сатылымның 59 пайызы. Counterpoint Research дерегінше, отандық брендтер электромобилдер нарығының 81 пайызын бақылауда ұстауда. Бұл ретте BYD, Wuling, Chery, Changan және GAC әлемдік жетекші ойыншылар қатарына кіріп үлгерді.
Жақында ғана BMW China 3-деңгей немесе L3 мүмкіндіктері ретінде белгілі, қолсыз автономды жүргізу мүмкіндіктерін дамытуды жеделдететінін жариялады. Мұндай мүмкіндікке ие көліктер 2023 жылдың соңы немесе 2024 жылдың басында шығарылмақ. Айта кетейік, L3 автономды жүргізу тәжірибесі Қытайда кеңінен қабылданбады, дегенмен кейбір компанияларға, соның ішінде отандық Xpeng электромобиль өндірушісіне технологияны сынауға рұқсат берілді.
Өткен аптада Volkswagen Group компаниясы Xpeng-ке 700 млн доллар инвестиция құятынын және компанияның 4,99 акциясын сатып алатынын хабарлады.
«Қазір біз жергілікті электромобиль портфолиясын кеңейтуді жылдамдатып жатырмыз және келесі инновациялық қадамға дайындалудамыз», деді Қытайдағы Volkswagen AG басқарма мүшесі Ральф Брандштеттер.
Осындай келісімнің нәтижесінде Volkswagen мен Xpeng Қытай нарығына арналған, жүргізушілерге көмектесетін бағдарламалық жүйемен жарақталған екі жаңа электромобильді шығаруға кіріспек. Бұл өндірістің алғашқы қарлығаштары 2026 жылы нарыққа түседі деп жоспарлануда.
Өз кезегінде BYD автогиганты да автономды жүргізу технологиясын дайындау үшін Nvidia және Horizon Robotics компанияларымен ынтымақтастық орнатпақ. Өткен аптаның басында қытайлық автоөндіруші Leapmotor компаниясы жаңа платформа әзірлегенін және оны басқа автомобиль өндірушілерге ақылды электр көліктерін жасау үшін лицензиялауға беруге ниетті екенін айтты. Сол күні жапондық Toyota компаниясы Қытай нарығында бәсекеге түсу үшін электромобиль технологиясының дамуын жеделдететінін мәлімдеді.
«Қытай нарығы өлшеусіз қарқынмен өсіп жатыр. Қытайдағы бәсекелестікке төтеп беру үшін біз де топ ретінде жұмыс істейміз және қазіргі жұмыс тәсілімізді өзгертеміз. Жергілікті нарықты ынталандыра отырып, қытайлық клиенттердің көңілінен шығатындай бәсекеге қабілетті өнімдерді дайындап шығаруға тырысамыз», деп мәлімдеме жасады Қытайдағы Toyota бас директоры Татсуро Уэда.
Energyprom дерегінше, Қазақстанда электрмен жұмыс істейтін үш жарым мыңнан астам транспорт құралы бар. Оның басым үлесі жеңіл көліктерге тиесілі. Олардың саны соңғы бір жылда бірнеше есе өсіп шыға келді. Оған себеп – елге әкелінетін электромобилдердің салықтан және кедендік баж салығынан босатылуы. Еуразиялық экономикалық комиссияның (ЕЭК) шешіміне байланысты 2022 және 2023 жылдары электромобилдерді баж салығынсыз әкелу мүмкіндігі туды. ЕЭК шешіміне сәйкес, биыл жеңілдетілген тәртіппен 15 мың бірлік электромобиль алып келуге квота бар. Қазірге дейін 3 жарым мың көлік әкелінген болса, енді жыл соңына дейін тағы 11 мыңнан астам электромобиль алып келуге болады. Ондай жағдайда ешқандай кедендік алым, баж салығы және қосымша құн салығы есептелмейді.
Дегенмен бұл квотадан бөлек, елге электромобиль алып келудің тағы бір мүмкіндігі бар. Ондай жағдайда кедендік баж салығы төленбейді, бірақ қосымша құн салығы есептеледі. Аталған жағдай барысында Дүниежүзілік сауда ұйымы ставкасы бойынша тауарларға декларация өткізуі қажет болады.
Автоэксперт Артур Мискарянның айтуынша, елде электромобилдерге арналған инфрақұрылым тиісті деңгейде емес.
«Электр энергиясының өзі жетіспейді. Сонымен бірге, жаңғыртуды талап етіп тұрған электр желілерінің де жағдайы бар. Бәріміз кенеттен электромобильдерге ауысып, бірге қуаттай бастадық деп елестетсек, еліміздегі электр энергиясы да, электр желісінің жағдайы да барлық инфрақұрылымды ұстап тұруға және қамтамасыз етуге мүмкіндік бермейтіні анық. Қазірге дейін 15 мың бірлік квотаның ең болмағанда жартысының да игерілмеуі біздің географиямыз, климатымыз, инфрақұрылымымыз (электр қуаттау бекеттері және электр энергиясы тұрғысынан) жағдайында техниканың бұл түріне деген нақты сұраныс көлемінің қандай екенін көрсетеді. Бажбен немесе бажсыз электромобильдер бүгін өте қымбат. Тіпті мінілген Tesla Model 3-тің әдепкі бағасы – 23-25 млн теңге, Audi e-tron – 30-40 млн, қытайлық VW ID – 15 миллионнан, Zeekr 23 миллионнан басталады», дейді сарапшы.