Қазақстан Новороссийск портының тұрақты жұмысын қамтамасыз ету бойынша саяси бастама көтереді – Энергетика министрі
Қазақстан Қара теңіздегі Новороссийск портының тұрақты жұмыс істеуін қамтамасыз ету бойынша саяси бастама көтеруге ниетті. Үкімет басшысы осындай тапсырма берген. Бұл туралы Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев мәлім етті.
«Порт жұмысының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қатысты Қазақстан саяси деңгейде осы порттың тұрақты жұмысын қамтамасыз ету бойынша бастама көтереді. Өйткені, мұнай терминалының жұмыс істеуі әлеумдік ірі, соның ішінде ЕуроОдақтағы тұтынушылар үшін тиімді», деді Алмасадам Сәтқалиев, Үкімет кулуарында.
Оның айтуынша, Үкімет басшысы Әлихан Смайылов тиісті тапсырма берген.
Естеріңізге саламыз, 4 тамыз күні Украина қарулы күштері екі теңіз дрондарымен Новороссийск әскери-теңіз базасына шабуыл жасалмақ болғаны хабарланған еді.
«2023 жылдың 4 тамызында КҚК Теңіз терминалының (670 акватория) жұмыс аймағына жақын жерде Ресей Федерациясы Әскери-теңіз күштерінің кемелері ұшқышсыз жерүсті су кемелерінің шабуылына тойтарыс берді. Қазіргі уақытта мұнай ТЛУ-2 және ТЛУ-3 қашықтан байлау қондырғыларына бекітілген танкерлерге қалыпты режимде жөнелтіліп жатыр. Консорциумның инфрақұрылымына зақым келген жоқ», делінген КҚК хабарламасында.
Бұл ақпаратты КҚК-нің атқарушы директоры Николай Горбань да растаған болатын.
«Қазіргі таңда мұнай байлаулы тұрған танкерлерге тиеліп, әдеттегідей жұмыс істеп жатыр. КҚК инфрақұрылым зақымдалған жоқ. Кемелердің қозғалуына қашан рұқсат берілетіні белгісіз, порт капитанынан хабар күтеміз», деді КҚК директоры.
КҚК акваториясында және Новороссийск портында кемелердің қозғалысына уақытша тыйым салынған. Тыйым салынғаннан кейін жүк тиелген танкерлер кері бұрылады делінген компания таратқан баспасөз хабарламасында.
Толықтыру. Консорциум Мәскеу уақыты бойынша сағат 10.39-да Новороссийск портында кемелердің қозғалысына салынған тыйым алынып тасталғаны туралы хабарлады.