Жаңалықтар

Су тасқынының алдын алуға 4 облысқа 17 млрд теңге бөлінген, алайда кей өңірлер су тасқынына дайын емес

Фото: kursiv.media

Елімізде су тасқынының алдын алу шаралары уақтылы орындалмайды, салдарынан мемлекет көп шығындалады. Бұл жайлы ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырыста Төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпханов айтты.

«Өз кезегінде, ТЖМ-гі құзыреті шеңберінде Жол картасының іс-шараларын орындалуын үйлестіруді жүзеге асырады. Оның орындалуының талдауы көрсеткендей, 218 іс-шараның 88 немесе 40% орындалды оған шамамен 14 млрд теңге жұмсалды», деді министр.

Яғни Жол картасында бекітілген жұмыстардың жартысы да аяқталмаған. Мәселен, Шымкент қаласында Бозарық каналын күрделі жөндеуден өткізу жоспарланған, алайда бүгінгі күнге дейін техникалық тексеруден басқа ешқандай жұмыс жүргізілмеген. Сонымен бірге Қызылорда облысы бойынша үшінші жыл қатарынан Сырдария өзенінің арнасын тазартуға бөлінген бюджет қаражаты игерілмеген. Министрдің айуынша биыл да игерілмеу қаупі жоғары.

«Тәжірибе көрсеткендей қарастырылған су тасқынына қарсы іс-шараларды орындамау үлкен су тасқыны салдарына әкеледі. Мысалы, биыл Батыс Қазақстан облысында 210 тұрғын үй, Ақтөбе облысында – 89 тұрғын үй, Қостанай облысында – 44 тұрғын үй су астында қалды. Бұл ретте Ақтөбе және Батыс Қазақстан  облыстарында 46 тұрғын үй тұруға жарамсыз деп танылды. Нәтижесінде Ақтөбе облысының әкімдігі 24 үй тұғызса, Батыс Қазақстан облысында – 16 үй  салынды. Жалпы 1,3 млрд теңге жұмсалды. Жыл сайын ықтимал қауіп пен үлкен материалдық шығынға ұшырағанша, осы қаражатты күні бұрын алдын – ала ескерту үшін пайдалануға болатын еді», деді министр.

Министр Жол картасында бектілген іс-шаралардың тек Абай облысында 100%-ға орындалғанын айтты. Сонымен бірге ведомство басшысы Экология және табиғи ресурстар министрлігі Ақмола облысында Есіл контррегуляторының құрылысын кешіктіріп отырғанын, осыған байланысты осы уақытқа дейін мемлекеттік сараптама рәсімінен өтпеген жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеу бір жылға созылып кеткенін де тілге тиек етті.

Министрлік басшысының айтуынша су тасқыны қаупі жоғары аймақтарда тиісті іс-шараларды жүзеге асыру үшін қомақты қаражат бөлінген. Мәселен, Түркістан облысының әкімдігімен ағымдағы жылы барлық көзделген су тасқынына қарсы іс-шараларды іске асыру үшін 1,9 млрд теңге көлемінде қаражат бөлінсе, Үкіметтің қолдауымен ТЖМ-і арқылы мақсатты трансферттер есебінен Қызылорда, Батыс Қазақстан және Атырау облыстарының әкімдіктеріне 15 млрд теңгеден астам қаражат бөлінген.

Ал Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев керісінше, су тасқыны кезеңіне дайындық жұмыстары уақтылы жүргізілгенін айтты. Ведомство басшысы 2023 жылғы су тасқыны кезеңі штаттық режімде өткенін, сондай-ақ жол төсемі мен жасанды құрылыстардың шайылып кету қаупі туындамағанын мәлімдеді.

«Су тасқыны қаупі жоғары жол учаскелерінде су өткізу құбырының мөлшері мен саңылауларының диаметрі ұлғайтылып жатыр. Қауіпті кезеңге автомобиль және темір жолдарды дайындау барысы тұрақты бақылауда. Барлық қажетті іс-шара өткізіліп келеді. Кешенді шаралар су тасқыны қауіпі жоғары учаскені азайтуға, жолдардың қирауын алдын алып, көлік құралдарының қауіпсіз қозғалысын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Кейінгі 3 жылда су тасқыны қаупі бар учаске 1,2 есеге азайды», деді Марат Қарабаев.

Министрдің айтуынша, қауіпті кезеңде жедел шаралар қабылдау үшін 17 арнайы металаралық құрылым, 44 рельс пакеттері дайындалып, ТЖМ аумақтық органдарымен теміржол төсемінен жоғары орналасқан 83 су қоймасы мен бөгеттердің жай-күйі тексеріліп жатыр.