Теміржол нысандары мен бір медициналық ұйым мемлекет меншігіне өтеді

Жарияланды
Фото: Үкімет үйі

Теміржол саласындағы бірқатар нысандар мен денсаулық сақтау саласындағы бір ұйым мемлекет меншігіне қайтарылады. Бұл мәселе ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Экономиканы демонополизациялау жөніндегі комиссияда қаралған.

«Жиында теміржол тасымалы және денсаулық сақтау саласындағы кейбір кәсіпорынды мемлекет меншігіне қайтару мәселелері қаралды. Үкімет басшысына теміржол инфрақұрылымының бірқатар нысанын мемлекет меншігіне қайтару барысы туралы баяндалды, оларды бәсекеге қабілетті ортаға беру туралы мәміле сот тарапынан жарамсыз деп танылды», делінген баспасөз хабарламасында.

Тексеру барысында сеніп тапсырылған мүлікті ысырап ету фактілері анықталған. Қылмыстық іс аясында тергеу органдары түпкілікті процессуалдық шешім қабылданғанға дейін бұл нысандардың ативтері ҚТЖ басқаруына беріледі. Сонымен бірге мүлік кешенін қорғау қамтамасыз етіледі.

Премьер-Министр республиканың басқа өңірінде ұқсас нысандар бойынша жұмысты күшейтуді тапсырып, тиісті кәсіпорындар қызметкерлерінің барлық технологиялық процесі мен қызметін сақтаудың маңыздылығын атап өтті.

Сонымен қатар отырыста денсаулық сақтау саласындағы ұйымды республика меншігіне қайтару мәселесі де қаралған. Алдын ала мәліметтер бойынша активті басқаруды өз мойнына алған жекеменшік компания ұзақ уақыт бойы өз функцияларын орындамай келген және келісілген инвестициялық бағдарламаның шарттарын бұзған.

«Талқылау қорытындысы бойынша басқару тиімділігіне тексеру жүргізу үшін ведомствоаралық комиссия құрылады. Комиссия нәтижелері бойынша шартты бұзудың және активті мемлекет меншігіне қайтарудың дұрыстығы туралы шешім қабылданатын болады», деп хабарлайды баспасөз қызметі.

Сондай-ақ оқыңыз