Жаңалықтар

Қайтыс болған 15 мыңнан аса қазақстандық тұрғын үй кезегінде тұр – ИИДМ

Фото: Shutterstock

Елімізде баспана кезегінде тұрған 647 мыңға жуық адамның 232 мыңының құжаты заң талаптарына сай емес. Бұл туралы ИИДМ Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті төрағасының орынбасары Бауыржан Қабдол мәлім етті.

Оның сөзінше, бүгінде тұрғын үй кезегінде 646 819 қазақстандық азамат тұр. Сонымен қатар кейінгі жылдары олардың қатары ұлғайып келеді. Бұл тұрғындардың арасында мемлекетке иек артушы күйдің ұлғайып бара жатқанын көрсетеді, деді спикер. Айтуынша, тек соңғы 10 жылда ғана тұрғын үй кезегіне тұрушылар саны 6 есеге артқан.

Сонымен қатар, Бауыржан Қабдол көпшілік арасында үй кезегіне басында баспанасы бар адамдардың тұратыны туралы шағым барын жеткізді.

«Осыған байланысты біздің ведомство Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігімен бірлесіп, аталған тізімнің заң талаптарына сәйкестігіне талдау жүргізілді. Оның нәтижесінде кезекте тұрған 96,1 мың азаматтың кейінгі 5 жылда жеке баспанасы болғаны, 533 адамда Қазақстанның азаматтығы жоқ екені, 91,4 мыңдай адамның тұрғылықты жері кезекке тіркелген өңірмен сәйкес келмейтіні, сондай-ақ 29 мың адамның тіркелмегені және 15,6 мың адамның қайтыс болғаны анықталып отыр», деді Бауыржан Қабдол.

Демек үй кезегінде тұрған 647 мыңға жуық азаматтың 232 мыңға жуығында жеке деректері заң талаптарына сай емес. Сондықтан, оларды болашақта үй кезегінің тізімнен шығаруға тура келеді.

«Аталған тізімді түгендеу кезектің қозғалу процесін жеделдетуге және расымен де баспанаға мұқтаж азаматтардың құқықтарын кез келген оғаш әрекеттерден қорғауға мүмкіндік береді», деді Б.Қабдол.