Алматы қаласының салығынан республикалық бюжетке 2,1 трлн теңге түскен
Алматы салықтары республикалық бюджеттің 28%-ын қамтамасыз етеді. Бұл туралы мәслихаттың VII сессиясында Алматы әкімінің орынбасары Асқар Әмрин мәлімдеді.
Ол өз сөзінде Алматы республика бюджеті үшін негізгі донорлардың бірі болып қала беретінін атап өтті. Алматы бірнеше жылдан бері республикалық бюджетке берілетін салық түсімдері бойынша көшбасшылардың бірі болып келетінін айтқан ол:
«2023 жылы мемлекеттік бюджетке түсетін қаржы көлемі шамамен 3 трлн теңгені құрады, оның ішінде республикалық бюджетке 2,1 трлн теңге немесе 72%. Қаланың жергілікті бюджетіне түсетін түсімдер 129%-ға асыра орындалды және 843 млрд теңгені құрады», деді Асқар Әмрин.
Ол сонымен бірге кірістердің өсуінің жоғары қарқынын ескере отырып, мегаполис үшін жалпы сомасы 81,9 млрд теңгеге негізгі жобаларды қосымша қаржыландыруға мүмкіндік туғанын айтты.