Алматыдағы қоғамдық көлікте жол ақысы 200 теңгеге жетті
Алматыда жол ақысы көтеріледі. Осыған дейін «Оңай» картасымен немесе басқа қосымшалар мен смс хабарлама арқылы төлеу құны 100 теңгені құраса, қолма-қол төлем мөлшері 200 теңге көлемінде болатыны хабарланған болатын.
«Алматы көлік холдингі» ЖШС ақпараты бойынша, қалалық қоғамдық көлікті пайдаланатын жолаушылардың 97%-ы жол ақысын қолма-қол ақшасыз тәсілмен – «Оңай» карталарымен, оның ішінде «Оңай» қосымшасындағы виртуалды карталармен, сондай-ақ QR немесе SMS арқылы төлейді. Осылайша, Алматы жолаушыларының көпшілігі үшін қолма-қол ақшасыз төлем кезінде жол жүру ақысын 20 теңгеге көтеріп, 100 теңгені құрайды. Бұл ретте барлық жеңілдікті санаттар сақталады және олар үшін жол жүру құны тек 10 теңгеге дейін ұлғаяды«, делінген баспасөз хабарламасында.
Алматыда қоғамдық көлік үшін жол жүрудің қолданыстағы құны 2012 жылы белгіленген. Содан бері тасымалдау шығындарының бірнеше есе артуына, сондай-ақ дизель отыны мен газ бағасының өсуіне қарамастан, тариф 80 теңге деңгейінде сақталып келді.
«11 жыл бұрын дизель отынының құны 90 теңгені, ал бүгінгі күні 295 теңгені, ал газдың құны бұрын 33 теңгені, ал бүгінгі күні 108 теңгені құрады. Автобустардың құнын қоса алғанда, қалған шығындар бойынша да осындай жағдай. Тасымалдаушылар жаңа автобустар сатып алуда, жаңа маршруттар ашылуда, қолданыстағылар жаңғыртылуда. Осыған байланысты ағымдағы жылы жол жүру құнын арттыру қажеттілігі туындайды», деп түсіндіреді баспасөз қызметі.
Жыл сайын Алматы әкімдігі әлеуметтік маңызы бар қалалық автобус маршруттарын субсидиялауға қаражат бөледі және осы уақыт ішінде қоғамдық көлікте жол жүру құны мемлекеттік субсидиялар есебінен төленіп келген. Мемлекеттің қолдауынсыз тарифтің өзіндік құны 425 теңгені құрайтын еді.
Бағалардың көтерілетіні туралы маусым айында шаһар басшысы Ерболат Досаев айтты.
«Бағаның ауыспағанына 12 жыл болды. Қазіргі таңда біз осы мәселені қарастырып, барлық елдердегідей интеграцияланған тарифтер енгізуді жоспарлап отырмыз. Қыркүйек айына дейін бұл жұмыстар аяқталады деп ойлаймын», деді әкім.
Ал 5 шілде күні «Ашық НҚА» порталында Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаевтың жол ақы тарифтерін көтеруге байланысты қаулысы шықты. Оған сәйкес тарифтер «жол ақысын ұялы байланыс операторының көрсетілетін қызметтері арқылы немесе көлік картасы арқылы немесе мобильді қосымша арқылы қолма-қол ақшасыз төлеу кезінде – 100 теңге, ал қолма-қол ақшамен төлеу кезінде – 200 теңге» мөлшерінде бекітілген.