БЖЗҚ жаңа телефон алаяқтық схемаларының пайда болуы туралы ескертеді. Бұл туралы БЖЗҚ баспасөз қызметі хабарлады.
Телефон арқылы жасалатын алаяқтықтың жаңа түрі – өзін БЖЗҚ қызметкері ретінде таныстырып, қандай да бір компанияның бас бухгалтеріне қоңырау шалып, сол ұйымның қызметкерінің зейнетақы шотының бұғатталғаны туралы хабарлайды. Бұғаттан шығару мақсатында бухгалтерлерге алаяқтардың шотына берешек соманың жартысын салуға кеңес береді, әйтпесе компанияға зейнетақы жарналарын уақытылы есептемегені үшін айыппұл салынады деп қорқытады. Осылайша, телефон арқылы сөйлесу барысында алаяқтар өз құрбандарын олардың шоттарына үлкен аударымдар жасауға итермелейді.
Мұндай алаяқтықтың құрбаны болмау үшін кез-келген ақпаратты БЖЗҚ байланыс орталығының 1418 нөміріне қоңырау шалу арқылы тексеріңіз.
Естеріңізде болсын: БЖЗҚ қызметкерлерінің қаражатты белгілі бір шотқа аударуды талап етуге құқығы жоқ.