Цифрлы технология саласындағы іскер әйелдер қандай қиындыққа жиі тап болады?

Жарияланды
Әйелдер шағын және орта бизнес кәсіпкерлігінің 44,6 пайызын басқарып отыр/ Фото: kursiv.media

Қазір бизнесте тасын өрге домалатып жүрген әйелдер жеткілікті. Бұрын «бизнестегі әйелдер» деп бөле-жара айтсақ, қазір бұл қалыпты құбылысқа да айналды. Ал көз үйренбеген саламыздың бірі – цифрлы технологиялар секторында да қаракөздер қатары көбейіп келе жатыр. Бұған елімізде қолға алынып отырған бірегей жобаның да септігі тигені сөзсіз.

Techno Women Central Asia бірлестігі өз істерін дамытқысы келетін әйелдер және бизнес-ханшайымдар нетворкингі үшін қолайлы алаң қалыптастырды. Techno Women Central Asia жетекшісі Әзиза Шөжееваның айтуынша, әйелдер ұйымымен бірге әрекет ету мансап жолында мүмкіндіктер туғызып, цифрлы бәсекелестікті арттырады.

Осы бағытта елеулі еңбек етіп жүрген жанның бірі – Аружан Меде. Ол әйелдерге арналған BTS Education e-commerce онлайн-мектебінің негізін салған. Ол Techno Womеn командасына былтыр қосылған және қазір компаниялардың цифрлануына үлес қосып, жобаларды басқаруды үйретіп жүр.

«Жоба Сауда және интеграция министрлігімен және халықаралық Mastercard төлем жүйесінің командасымен бірге жұмыс істейміз. Шағын және орта бизнес үшін электронды коммерция мектебін іске қостық. Басты мақсаты – әр кәсіпкердің онлайнда дамуына көмектесу, онлайн-сатылым қабілетін нығайту, логистика ұйымдастырып, интернет-маркетингтің қыр-сырын зерделей түсу. Сондай-ақ онлайн мектеп аясында таргетті реттеу, әлеуметтік желілерді дамыту, онлайн-дүкен ашу да үйретіледі. Қазір кең таралған салалар – FinTech және IT. Біз BTS Digital, Kaspi Lab және Halyk Academy командаларымен бірге жыл сайын golang, java-әзірлемелер бойынша курстар ұйымдастырамыз, data science-ты оқытамыз. Конкурстар ұйымдастырып, IT-универлердің 3-4 курс студенттері арасында іріктеу жасаймыз», дейді Аружан.

Назарбаев Университетінің Кәсіпкерлікті зерттеу орталығы директорының орынбасары Нұрлыхан Әлжанова тағы бір қызықты оқиғамен бөлісіп, әйелдердің әдеттегі бизнес үлгісін қалай өзгертуге болатыны туралы айтты.

«Қазақстандық ADU24 маркетплейсінің негізін салушы Ақмарал Ескендірдің оқиғасы Астанада басталған. Ол 2020 жылы қазақстандық маркетплейс ашқысы келеді, алайда несие алу бойынша қиындыққа тап болады. Енді бастап жатқан кәсіпкерлер үшін стартапты ресурссыз және банктің қаржылық көмегінсіз бастау өте қиын. Инвестор іздеу кезінде ол гендерлік кемсітушілікке де ұшырайды. Оның идеясын ешкім байыппен қабылдамаған. Нәтижесінде оған цифрлық маркетинг саласында білім алып, әрі қарай өсуіне көмектескен пікірлес іскер әйелдер қолдау көрсетті. Қазір оның жобасы халықаралық деңгейде өрістеп жатыр», дейді Әлжанова.

Сарапшылардың айтуынша, цифрлы технологияларға қолдары жетпегендіктен әлі де көптеген әйел маржасы төмен салаларда жұмыс істеуге мәжбүр. Ұлттық экономика министрлігінің мәліметі бойынша, қазір елімізде әйелдер шағын және орта бизнес кәсіпкерлігінің 44,6 пайызын басқарып отыр. Бұл дегеніміз шамамен 640 мыңға жуық кәсіпорын.

Түрлі барьерге қарамастан өз кәсібін алға жылжытып жүрген жанның бірі – Алуа Көрпебаева. Ол астаналық Clever Market маркетплейсін құрған. Оның IT-стартапты дамытып келе жатқанына бес жылдан асқан.

«Маркетплейстерден тауар сатып алатын және әлеуметтік желі пайдаланатындардың 90 пайызы – әйелдер. Олар жұмыс істемейді, бала тәрбиесімен айналысады, үй тіршілігінен босап шығып қандай да бір жұмыспен айналысуға уақыт таппайды. Мұндай кезде әйелдерге электронды коммерция көмектеседі. Қазақстанда онлайн-платформаларды таңдау мүмкіндігі шектеулі. Сондықтан отандық e-commerce сегментінің толыққанды экожүйесін құру, бірігу және қажетті түрлі құралдарды әзірлеу өте маңызды. Мысалы, Clever market мобилді операторлармен серіктестік орнатқан. Бізде қазақстандық маркетплейстерді дамытудың түрлі құралдары жоқ. Ресейге немесе Қытайға қарасаңыз, онда көптеген шағын онлайн базарлар жұмыс істейтінін көресіз. Ал отандық нарықта негізінен Kaspi, Wildberries және Ozon ғана бар», дейді ол.

Нарық қатысушыларының айтуынша, елімізде электронды коммерцияны дамыту үшін ең бірінші кезекте цифрлы инфрақұрылым мен e-commerce логистика жасау қажет. Одан кейінгі міндет – деректер қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, заңдық тұрғыдан реттеу. Яғни, электронды коммерция регламенттерін айшықтайтын өзекті заң қажет ақ.

Сондай-ақ оқыңыз